Мемлекет басшысы Ислам өркениеті орталығының қызметін жүйелі түрде дамыту бойынша тапсырма берді
Президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы қызметінің нәтижесі мен оны одан әрі дамыту жоспары бойынша тұсаукесермен танысты.
Елімізде ұлттық болмысты тану, бай тарихи-рухани мұраны терең зерттеу және ұлы ғұламалардың ғылыми мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға айрықша көңіл бөлініп келеді. Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы осы бағыттағы ұлттық әрі халықаралық маңызы бар заманауи мәдени-ағартушылық алаң ретінде қалыптасуда.
Таныстырылым барысында орталықтың өткен кезеңде атқарған жұмыстары жөнінде ақпарат берілді.
Орталық биыл 17 наурызда жаңа әрі сәулетті ғимаратта ресми түрде өз жұмысын бастады. 1 маусымдағы жағдай бойынша орталыққа жарты миллионға жуық жергілікті және шетелдік азамат келген. Күн сайын орта есеппен 6 мың адам орталыққа ат басын бұрады. Осы уақыт аралығында мекемеге 150-ден астам шетелдік делегация мен 2 мыңнан астам шетелдік қонақ келген.

Кешен құрамында Балалар музейі ашылып, Имам Бұхари инновациялық музейінің қызметі жолға қойылды. Ғимаратта Имам Матуриди халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Сондай-ақ гид-экскурсоводтар мен бақылаушылар қызметі ұйымдастырылды.
Ғылыми және инновациялық бағытта 810 жоба жүзеге асырылды. Бұл жұмыстарға 2 мыңға жуық отандық және шетелдік ғалым қатысты.
Орталықта конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары мен кітап тұсаукесері секілді шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл іс-шараларға 5 мыңнан астам адам қатысқан.
Мәдени мұраны қайтару және қорларды толықтыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы саны мыңнан астам артефакт Өзбекстанға қайтарылды. Орталық кітапханасының қоры да жаңа дүниелермен толығуда. Қазіргі таңда қорда 3 мыңнан астам сирек басылым сақталған, оның 762-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Қорды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, электронды чиптер орнатылуда.
Мекеме қызметіне заманауи технологиялар мен цифрлық инновациялар кеңінен енгізілуде. Келушілерге қызмет көрсету үшін робот-гидтер сатып алынып, көрме залдарына мультимедиялық және интерактивті құрылғылар орналастырылды.

Орталық «Әлемдегі ең ірі ислам өркениеті музейі» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Таныстырылымда орталықты одан әрі дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар қаралды.
Ең алдымен ғылыми-зерттеу және баспа қызметін жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды. Орталықтың ғылыми журналын халықаралық «Scopus» және «Web of Science» ғылыми дерекқорларына енгізу, ғылыми орталықтардың бірыңғай ықпалдастырылған платформасын құру және қолжазбалардың цифрлық каталогын әзірлеу жоспарланып отыр.
Діни-ағартушылық саладағы магистранттар мен докторанттар үшін «Ислам ағартушылығы» шәкіртақысын тағайындау, әлемге танымал ғалымдар мен сарапшылардың кітаптарының тұсаукесерін өткізу көзделген. Алдағы кезеңде 20 мың жастар мен діни-ағартушылық сала өкілдерін, соның ішінде имам-хатибтер мен абыстайларды орталық қызметіне тарту жоспарланған.
Мәдени мұраны қайтару бойынша алдағы шаралар да қарастырылды. Бұл бағытта әлемдік аукциондарда, музейлерде, жеке коллекцияларда және халықаралық өнер нарықтарында Өзбекстанға тиесілі сирек артефактілерді іздеу, анықтау, ғылыми зерттеу, сараптамадан өткізу, келіссөздер жүргізу және оларды елге қайтарудың тұрақты тетігін қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі Өзбекстан мәдени мұрасына тұрақты мониторинг жүргізу, мәдени мұра нысандарының бірыңғай цифрлық дерекқоры мен халықаралық тізілімін қалыптастыру, Орталық Азиядағы теңдесі жоқ заманауи ғылыми-зерттеу зертханасын құру жоспарланып отыр.
Бұл бағытта Қытай, АҚШ, Германия, Франция және Ұлыбританияда сақталған Өзбекстанның мәдени мұрасына қатысты коллекциялармен жұмыс жүргізіледі.
Медиа және халықаралық насихат жұмыстарын күшейту мәселелері де талқыланды.
«Ислам өркениеті: бейбітшілік, толеранттылық және білім жолы» тақырыбында І халықаралық Ислам форумын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк пен Женевадағы құрылымдарында және UNESCО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Ислам өркениеті орталығы, Имам Бұхари, Имам Матуриди және Имам Термизидің ғылыми мұрасына арналған арнайы таныстырылымдар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Орталықтың мұндай тұсаукесерін 55 мемлекетте өткізу, «Исламдағы әйелдің орны» тақырыбында халықаралық конференция мен көрме ұйымдастыру, сондай-ақ Оксфорд ислам зерттеулері орталығы, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы, ICESCO, IRCICA, TURKSOY және өзге де халықаралық құрылымдармен бірлескен ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру тапсырылды.
Шетелдік журналистер мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты күшейту мақсатында баспасөз турлары, халықаралық медиа клубтар мен медиа форумдар ұйымдастырылады. Орталықтың халықаралық беделін нығайту үшін фотокөрмелер, тақырыптық таныстырылымдар және шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерде дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Имам Бұхари мемориалдық кешеніне келетін зияратшылар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасау, сапарларды жүйелі әрі мазмұнды ұйымдастыру, ақпараттық және гид қызметтерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, Ислам өркениеті орталығы халқымыздың бай мәдени мұрасын, ағартушылық дәстүрлерін және Жаңа Өзбекстанның рухани жаңғыруын әлемге танытатын маңызды орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті.
Жауапты тұлғаларға орталық қызметін жүйелі түрде дамыту, ғылыми-зерттеу және баспа жұмыстарын кеңейту, мәдени мұраны қайтарудың тұрақты тетігін қалыптастыру, музей қорларын толықтыру, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық медиа насихатты жаңа деңгейге көтеру жөнінде тапсырмалар берілді.