ФИФА Непалды халықаралық футбол жарыстардан шеттеті
Халықаралық футбол федерациясы Непал құрамасы мен клубтарын халықаралық жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады. оған басты себеп келісілген ойындар ұйымдастырумен байланысты.
Непал полициясының Орталық тергеу бюросы Непал футбол қауымдастығының лауазымды тұлғаларына қатысты келісілген матчтар ұйымдастыру, қаржылық заңбұзушылықтар және алаяқтық күдігі бойынша тергеу бастады.
«Катманду пост» басылымының хабарлауынша, қауымдастықтың қазынашысы Рабиндра Джоши мен есепшісі Санджив Пандей ұсталған. 18 қыркүйек, жұма күні полиция қауымдастықтың Лалитпурдағы кеңсесінде тінту жүргізіп, компьютерлер мен басқа да электрондық құрылғыларды тәркілеген.
Тергеу негізінен 2026 жылғы әлем чемпионаты мен 2027 жылғы Азия кубогының бірлескен іріктеу кезеңі аясында Непал мен Бахрейн құрамалары арасында өткен кездесулерге бағытталған. Ережеге сәйкес, командалар өз алаңында және сырт алаңда бір-бір матчтан өткізуі тиіс. Алайда екі ойын да Бахрейнде өткен. Полиция бұл үдерісте күмәнді қаржылық операциялар жасалған болуы мүмкін деп есептейді.
Непал футбол қауымдастығының өкілдері бұл жағдайды Катмандудағы «Дашаратх» стадионының алаңын Азия футбол конфедерациясы халықаралық матчтар өткізуге жарамсыз деп танығанымен түсіндірген. Айта кетейік, аталған кездесулерде Непал құрамасы 0:5 және 0:3 есептерімен жеңілді.
Сонымен қатар тергеушілер «Kelme» және «KTM City» компанияларынан футбол формаларын сатып алу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілуі мүмкін екенін де зерттеп жатыр. Бұдан бөлек, іріктеу матчтарына билет сату кезінде Халықаралық футбол федерациясы белгілеген ережелердің сақталмағаны жөнінде де күдік бар.
Осыдан кейін Халықаралық футбол федерациясы Непал құрамасы мен клубтарын халықаралық жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады. Ұйымның бас хатшысы Маттиас Графстрёмның Непал футбол қауымдастығы басшысына жолдаған хатында бұған елдің Ұлттық спорт кеңесінің футбол қауымдастығы сайлауына үшінші тараптардың араласуына жол беруі және Халықаралық футбол федерациясы жарғысының өрескел бұзылуы себеп болғаны айтылған.
Осылайша, Непал футбол қауымдастығы ұйым мүшесі ретінде барлық құқықтарынан, сондай-ақ Халықаралық футбол федерациясы мен Азия футбол конфедерациясының даму бағдарламаларына қатысу мүмкіндігінен айырылды.