Зимбабведе паром апатынан кемінде 46 адам қаза тапты
Зимбабвенің Кариба көлінде паромның суға батып кетуі салдарынан кемінде 46 адам қаза тапты. Ауыл тұрғындары мен балық саудагерлері үшін маңызды қатынас құралы саналатын кеме қатты толқын кезінде аударылып кеткен. 90 адамға арналған паромда апат кезінде 114 жолаушы, бес экипаж мүшесі және бірнеше жас бала болған.
Апаттан аман қалған 45 жастағы Чанс Сиямавхудің сөзінше, қатты толқын кемені аударып жіберген. Ол басқа жолаушылармен бірге кеменің үстіне шығып үлгерген. Қатты жел салдарынан қозғалтқыштарға су кіріп, олар істен шыққан. Тек бір қозғалтқыш қана жұмысын жалғастырған.
Елдің Азаматтық қорғау қызметінің мәліметінше, оқиға кезінде 77 адам құтқарылған. Тағы бірнеше жолаушының тағдыры әзірге белгісіз.