Өзбекстан Президенті Грузияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды
Тбилиси қаласында өткен салтанатты шара аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Грузияның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын жабағы» орденімен марапатталды.
Өзбекстан мен Грузия арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін марапатты Мемлекет басшысына Грузия Президенті Михаил Кавелашвили табыс етті.


Өзбекстан басшысы Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге және Парламент Төрағасы Шалва Папуашвилиге жоғары марапат үшін алғыс білдіріп, Грузин халқына бейбітшілік, бақ-береке және өркендеу тіледі.
1998 жылы тағайындалған «Алтын жабағы» ордені Грузияның ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі саналады. Ол шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ грузин мәдениетін, ғылымын және өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан тұлғаларға беріледі.


Орденнің атауы ежелгі грек мифологиясы туралы аңызбен және қазіргі Грузия аумағында орналасқан тарихи Колхида өлкесімен байланысты.
Әр жылдары бұл жоғары марапатқа Ұлыбритания патшайымы Елизавета II, Иордания Королі Абдулла II, Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдер, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжанның бұрынғы Президенті Гейдар Әлиев және басқа да мемлекет қайраткерлері ие болған.


Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Орбелиани сарайындағы Құрметті қонақтар кітабына ізгі тілектерін жазып қалдырды.