Өзбекстан мен Қытай бірлескен жобаларды кеңейтуге ниетті
Өзбекстан мен Қытай арасында кейінгі уақытта көптеген бірлескен жобалар жүзеге асырылып, өзара ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде.
Осыған орай, Өнеркәсіптік кооперация және мемлекеттік сатып алулар агенттігінде Қытай Халық Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесу өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация және мемлекеттік сатып алулар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, озық тәжірибелерді енгізу және келешегі зор бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Онда, Агенттіктің негізгі қызмет бағыттары мен өкілеттіктері, сондай-ақ елде өнеркәсіптік кооперация және мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, 2030 жылға дейінгі мемлекеттік сатып алулар жүйесін дамыту стратегиясында айқындалған басым мақсаттар мен міндеттер таныстырылды.

Келіссөздер барысында тараптар өнеркәсіптік кооперация мен мемлекеттік сатып алулар салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Атап айтқанда, халықаралық сарапшылар мен кеңесшілерді тарту, тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске қосу, бірлескен семинарлар, біліктілікті арттыру курстары мен тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен өнеркәсіптік кооперация жүйесін халықаралық озық тәжірибе негізінде кешенді талдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, перспективалы инвестициялық және кооперациялық жобаларды жүзеге асыру барысында қаржылық әрі сараптамалық қолдау көрсету, практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, бірлескен жобалар портфелін қалыптастыру, оларды іске асыру тетіктерін әзірлеу және кезекті жұмыс кездесулерін ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізді.