Өзбекстан мен Грузия бірлескен мәдени жобаларды кеңейтуді жоспарлап отыр
Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтің Грузияға жасаған ресми сапары аясында Грузияның Мәдениет министрі Мака Гургенидземен екіжақты кездесу өтті.
Кездесу барысында Өзбекстан мен Грузия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі, оны одан әрі дамыту перспективалары және бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар кинематография саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен көркем және деректі фильмдер түсіруге, сондай-ақ театр саласындағы байланысты нығайтып, екі ел театр ұжымдарының өзара гастрольдік сапарларын ұйымдастыру мен ортақ спектакльдер қою мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесуде өзбек ұлттық мақам өнері мен грузин ұлттық музыкасының қатысуымен бірлескен концерттік бағдарламалар ұйымдастыру, цифрлық мәдениет бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды. Тараптар кейінгі жылдары өткізілген мәдени іс-шаралар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 9–12 шілде аралығында Тбилисиде өткен «Өзбекстан мәдениеті мен киносы күндері», сондай-ақ биылғы 9–11 наурызда Ташкентте жоғары деңгейде ұйымдастырылған «Грузия мәдениеті күндері» мәдени алмасуды жаңа деңгейге көтерген маңызды іс-шаралар ретінде бағаланды.
Өз кезегінде Мака Гургенидзе өзбек және грузин халықтарының бай мәдени мұрасы, ортақ құндылықтары мен тарихи жақындығы мәдени байланыстарды одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайтынын айтты.
Кездесу соңында тараптар ӨР Мәдениет министрлігі мен Грузия Мәдениет министрлігі арасында 2026–2030 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюға дайын екендіктерін білдіріп, мәдени әріптестікті сапалық жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін растады.
Ресми сапар аясында Өзбекстан Мәдениет министрі Грузияның әйгілі «Эрисиони» мемлекеттік академиялық халық әні мен би ансамблінің қызметімен де танысты.
Айта кетейік, «Эрисиони» мемлекеттік академиялық халық әні мен би ансамблі 1885 жылы құрылған. Ол Грузияның ең беделді ұлттық шығармашылық ұжымдарының бірі саналады және өзіндік хореографиясы, көпдауысты ұлттық ән айту дәстүрі мен бай ұлттық киімдері арқылы әлемнің көптеген елдерінде жоғары бағаланған.