Өзбекстан экономикалық еркіндік рейтингінде айтарлықтай серпіліс жасады
«Heritage Foundation» қорының дайындаған Экономикалық еркіндік индексі бойынша биыл Өзбекстан өзінің позициясын 14 сатыға жақсартып, айтарлықтай серпілісті көрсетті.
Экономика және қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылғы наурыз айында жарияланған есепке сәйкес, 184 ел арасынан Өзбекстан 60,3 балл жинап, 86-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 66 орынға алға жылжуды білдіреді.
Экономикалық еркіндік индексі елдің нарықтық әлеуетін, инвестициялық тартымдылығын және кәсіпкерлік белсенділігін жан-жақты бағалайды. Сол себепті бұл рейтинг Өзбекстан үшін халықаралық аренадағы беделін арттыруда, сыртқы имиджін нығайтуда маңызды құралға айналды.
Соңғы жылдары ірі рейтинг агенттіктері — «Fitch Ratings» пен «S&P Global Ratings» — Өзбекстанның егемендік кредиттік рейтингін «BB-»-ден «BB»-ге көтерді. Ал «Moody’s» болжамын «тұрақтыдан» «оңға» өзгертті. Бұл үкімет пен қаржы институттары үшін жаңа қарыз тарту шығындарын азайтып, 17 банк пен ірі кәсіпорындардың сенім деңгейін арттырды.
Елдің экономикалық еркіндік деңгейі әлемдік және өңірлік орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болып, Өзбекстан алғаш рет «орташа еркін» мемлекеттер қатарына енді. Бұған дейін ел негізінен «еркін емес» мемлекеттер санатына жататын.
Есеп көрсеткендей, мемлекет бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы дамыту жолында елеулі қадамдар жасап отыр. Үкімет банктер мен мемлекеттік кәсіпорындарға араласуды азайтып, бизнес бастау үдерісін жеңілдетті. Еңбек нарығы дамып келе жатқанына қарамастан, бейресми сектордағы жұмыспен қамту әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.
Сонымен қатар, инфляциялық қысымға қарамастан, ақша-несие саясаты тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы кезеңіне жақындады.
Жалпы алғанда, Экономикалық еркіндік индексі елдегі реформаларды бағалауда, шетелдік инвестицияларды тартуда, кәсіпкерлік ортаны жақсартуда және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Бұл рейтинг Өзбекстанның экономикадағы тұрақтылығы мен нарықтық даму әлеуетін халықаралық деңгейде нақты көрсететін айна іспеттес.