Вашингтон штатындағы алапат орман өрті: 60 мың адам эвакуацияланды
АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Спокан округінде тұтанған ірі орман өрті салдарынан 60 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, тілсіз жау осы уақытқа дейін кемінде 600 ғимарат пен нысанды күлге айналдырған.
Штаттағы халық саны жөнінен екінші ірі қала саналатын Спокан маңындағы өрт демалыс күндері қарқын алып, небәрі бірнеше күн ішінде 21 шаршы километрден астам аумақты шарпыған. Вашингтон штатының губернаторы Боб Фергюсон АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды талқылады және табиғи апатпен күреске федералдық үкіметтен қосымша көмек сұрады.
Мәліметке сәйкес, Ақ үй басшысы жағдайдан хабардар екенін айтып, зардап шеккен тұрғындарға алаңдаушылық білдірген әрі федералдық көмек көрсетілетініне уәде берген. Бұған дейін апат аймағына Ұлттық гвардия бөлімшелері жұмылдырылған еді.
Қазіргі уақытта Вашингтон штаты аумағындағы орман өрттерінің жалпы көлемі 1 мың шаршы километрге жетті. Өрт ошақтарын ауыздықтау және тілсіз жауды сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.