«Узатом» делегациясы Татарстанда атом энергетикасын дамыту бойынша кездесулер өткізді
«Узатом» агенттігінің делегациясы Татарстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Қазан қаласында өткен «Energoprom» халықаралық форумы аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Сапардың негізгі өзегі – атом энергетикасы саласындағы ғылыми және өндірістік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру болды. Агенттік баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесулер барысында ғылыми-білім беру мекемелері мен өнеркәсіп ұйымдарымен әріптестікті кеңейтуге ерекше мән берілді.
Алғашқы кездесу А.Н.Туполев атындағы Қазан ұлттық зерттеу техникалық университетінде өтті. Делегация университеттің ғылыми әлеуетімен танысып, заманауи зертханалар мен инженерлік орталықтардың жұмысын көрді. Мұнда атом өнеркәсібіне қажетті инновациялық материалдар әзірлеу, композиттік технологиялар мен материалтану бағытындағы озық шешімдер талқыланды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми зертханалар құру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сапар аясындағы келесі маңызды кездесу Қазан мемлекеттік энергетика университеті базасында өтті. Бұл жерде атом, жылу және электр энергетикасы бағыттары бойынша мамандар даярлаудың заманауи жүйесі, практикалық дайындыққа бағытталған оқу инфрақұрылымы таныстырылды. Делегация мүшелері салалық кадрларды даярлаудағы озық тәжірибемен жақын танысты.

Кездесулер барысында атом энергетикасы үшін жоғары білікті мамандар даярлау, бірлескен білім беру орталықтарын ашу, ғылыми және технологиялық тәжірибе алмасу, сондай-ақ ұзақ мерзімді өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері басты назарда болды.

Жұмыс сапары «Химград» технополисіне барумен түйінделді. Мұнда делегация индустриялық парктерді дамыту, инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру және жоғары технологиялық өндірістерді қолдау тәжірибесімен танысты. Аталған тәжірибе атом энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруда да маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Сапар соңында тараптар кадр даярлау, технологиялық инфрақұрылымды дамыту және өнеркәсіптік әріптестікті нығайту бағытында Татарстанның озық тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, атом энергетикасы, ғылым және өндіріс салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің нақты басым бағыттары айқындалды.