Ташкентте экономиканы жедел дамытуға бағытталған кәсіпкерлікке қолдау күшейтіледі
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласы экономикасының жоғары өсім қарқынын қамтамасыз ету, қолда бар резервтерді толық іске қосу және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайларды кеңейту мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Отырыста қазіргі таңда әлемдегі саяси және әскери қайшылықтар, сыртқы нарықтардағы өзгерістер экспорт тізбектері мен өнім жеткізу мерзімдеріне кері әсер етуі мүмкін екені атап өтілді. Осындай жағдайда қосымша мүмкіндіктерді анықтап, оларды жедел іске қосу басты міндеттердің бірі екені айтылды.
Ташкент қаласы ұлттық экономикада ерекше орын алатыны атап өтілді. Бүгінде Ташкент қаласы жалпы ішкі өнімнің 21 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Биыл «Елордада жедел даму және халық табысын арттыру жылы» деп жарияланып, қала экономикасын 12 пайызға өсіру, 3,6 миллиард доллар көлемінде экспортты қамтамасыз ету, 9 миллиард доллар инвестиция тарту және 616 мың азаматты жұмыспен қамту секілді ауқымды межеге жету жоспарланған.

Осыған байланысты қала әкімдігі, оның 12 орынбасары және 12 аудан әкімі өндіріс, экспорт, инвестиция және туризм салаларындағы ықтимал төмендеудің алдын алу үшін проактивті жұмыс жүргізуі қажет екені айтылды. Мемлекет басшысы бұл үшін елордада еңбек ресурстары да, қаржылық мүмкіндіктер де жеткілікті екенін атап өтті.
Жиында биыл жаңа тәсіл негізінде қаланың 12 ауданы нақты бір өндіріс немесе қызмет көрсету саласына мамандандырылатыны айтылды.
Атап айтқанда, «Бектемір» ауданы – химия өнеркәсібі мен көтерме саудаға, «М.Ұлықбек» ауданы – кабель өндірісі, ғылым, білім және ақпараттық технологияларға, «Мирабад» ауданы – азық-түлік өнеркәсібі, туризм және қоғамдық тамақтануға, «Учтепа» – зергерлік, тұрмыстық қызмет және бөлшек саудаға, «Чиланзар» – фармацевтика, сауда, қызмет көрсету және спортқа, «Шайхантаур» – жиһаз өндірісі мен гастротуризмге, «Юнусабад» – қағаз өнеркәсібі мен туризмге, «Яшнабад» – электротехника және көлік-логистикаға, «Яккасарай» – жеңіл өнеркәсіп пен қаржылық қызметтерге, «Янгихаёт» – автокөлік жасау мен логистикаға, «Алмазар» – құрылыс материалдары өнеркәсібі мен білімге, ал «Сергели» – металлургия, логистика және автосервис салаларына бағытталады.

Соңғы екі апта ішінде Ташкентте 23 мыңнан астам кәсіпкермен кездесулер өткізіліп, 1300-ден астам мәселе анықталғаны, сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан 162 жаңа ұсыныс пен бастама көтергені белгілі болды. Бұл ұсыныстар мен мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс екені атап өтілді.
Сонымен қатар Ташкент қаласында арнайы инвестициялық және іскерлік орта қалыптастыру арқылы жаңа тәжірибе енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, бизнеске рұқсат пен лицензиялар беру құзыретін орталық органдардан олардың аумақтық бөлімшелеріне беру, экспорттаушы кәсіпорындарды қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізу, логистикалық мәселелерді жедел шешу жүйесін құру, айналым қаражатын толықтыру және бизнесті кеңейту үшін қолайлы қаржыландыру тетіктерін әзірлеу жоспарланған.
Кәсіпкерлер көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жедел шешу үшін арнайы Үйлестіру кеңесін құру ұсынылды. Оның міндетіне аудандарды драйвер салалар негізінде дамыту, экономикалық және әлеуметтік ахуалды тұрақты мониторингтеу, өсім нүктелері мен пайдаланылмаған резервтерді анықтау, жүйелі кедергілерді жою, жаңа бастамаларды қалыптастыру, оларды қаржыландыру және орындалуын бақылау кіреді.

Жалпы алғанда, барлық мүмкіндіктерді жұмылдыра отырып, тағы да 88 триллион сум көлемінде өнім өндіру, 4,9 миллиард доллар экспортты қамтамасыз ету, 5 миллиард доллар инвестиция тарту, бюджетке 2,9 триллион сум кіріс түсіру және 65,5 мың тұрақты әрі жоғары табысты жұмыс орнын ашу бойынша нақты резервтерді іске қосу міндеті жүктелді.
Сондай-ақ биыл Ташкент қаласына қосымша 500 миллион доллар тарту мақсатында елорда евробондтарын шығару ұсынылды.
Елорда кәсіпкерлерін Ташкент, Науаи, Қашқадария, Әндіжан, Бұхара және Ферғана облыстарындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен байланыстырып, жергіліктендіру мен кооперацияны кеңейтуге бағытталған бағдарлама әзірлеу тапсырылды.
Алдағы уақытта ірі халықаралық консалтингтік компанияларды тарта отырып, Ташкент қаласының экономикасын терең талдау және оны дамыту стратегиясын әзірлеу қажеттігі атап өтілді.