Ташкент қаласында құрылыс материалдары саудасына арналған заманауи кешен бой көтерді
Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласы «Мирза Ұлықбек» ауданы аумағында жаңадан салынған «Pavilion» сауда кешенін барып көрді.
Кейінгі жылдары елімізде құрылыс материалдары өнеркәсібі қарқынды дамып, салада өндіріс көлемін арттырумен қатар, сауда және сервис инфрақұрылымын заманауи негізде ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр.

Аталған кешен осы бағыттағы жұмыстың нақты көрінісі болды. Жобаға бастамашы инвестор тарапынан 25 миллион доллар қаржы салынған. Кешен 4,6 гектар аумақта бой көтеріп, 42 мың шаршы метр құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 1 мың орындық автотұрақ қарастырылған.
Үш қабатты кешенде сауда дүкендерімен қатар кең дәліздер, ашық әрі қолайлы қоғамдық кеңістіктер, сатып алушыларға арналған заманауи жағдайлар жасалған. Ең бастысы, мұнда құрылыс материалдарының саудасын бейберекет және тығыз форматтан шығарып, жүйелі, ашық әрі тұтынушыға ыңғайлы түрде ұйымдастыру көзделген.

Жобаның тағы бір маңызды тұсы – 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Мемлекет басшысына кешеннің қызметі мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Президентіміз құрылыс өнімдері дүкендерін аралап көрді.

Бұл жерде 500 дүкенде құрылыс пен жөндеуге қажетті барлық өнімдерді бір жерде ұсыну мүмкіндігі жасалған. Барлық тауарлар мен олардың бағасы бірыңғай электронды платформа арқылы ашық көрсетіледі. Бұл кәсіпкерлер мен сатып алушылар үшін уақытты үнемдеуге, қаржыны тиімді жұмсауға және таңдау мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды.
Кешен жылына 3 миллионға дейін тұтынушыға қызмет көрсетуге қауқарлы.

Аумақта қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Бүкіл сауда кешені 500 заманауи бақылау камерасымен жабдықталған.
Мемлекет басшысы бұл кешен тек сауда нүктелерінің жиынтығы ғана емес, құрылыс материалдары нарығында жаңа мәдениет, жаңа сапа және жаңа қызмет стандарттарын қалыптастыратын орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті.

Ташкенттің тарихи тұрғыда он екі қақпасы болғаны, бүгінде де қала айналасында түрлі бағыттарға маманданған осындай заманауи сауда орталықтарын көбейту қажеттігін айтты.
– Халқымыздың тұрмыс деңгейі жақсарып, сұранысы артып келеді. Мұндай кешендерде отандық өнімдерге көбірек орын беру, жергілікті өндірушілерді тарту және логистиканы дұрыс жолға қою қажет, – деді Президент Шавкат Мирзиёев.
