Президент Ташкент облысын одан әрі дамыту бойынша тапсырма берді
Президент Шавкат Мирзиёев 8 сәуір күні Ташкент облысында жүзеге асырылып жатқан реформалардың тиімділігі және алдағы басым міндеттер бойынша жиын өткізді.
Мемлекет басшысы Ташкент облысы елордаға жақын орналасқандықтан, бұл жерде тұратын халық жұмыс орындары, табыс және тұрмыс жағдайы жағынан Ташкент қаласының деңгейіне сай болуын күтетінін атап өтті. Осыған байланысты облыс кәсіпкерлік пен бизнес ортаны жақсарту, өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында үлгі болуы тиіс екені көрсетілді.
Соңғы жылдары өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 2024–2025 жылдары облыс үшін 23 қаулы қабылданып, олар аясында бюджет, банк несиелері және шетелдік инвестициялар есебінен ірі ресурстар бағытталды. Осы кезеңде 14 жаңа өнеркәсіп аймағы құрылып, 115 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, 237 жаңа экспорттаушы пайда болды және 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен бір жыл ішінде Паркент, Ахангаран және Алмалықта электротехника, металлургия, фармацевтика, тоқыма, машина жасау және тау-кен салаларындағы ірі жобалар іске қосылды. Ташкен қаласының экологиясына кері әсер етіп отырған 87 кәсіпорын мен жаңа өнеркәсіп жобаларын Ташкент облысына көшіру жұмыстары басталды, қазіргі уақытқа дейін 15-тен астам тоқыма кәсіпорны көшіп келіп, 4700 азамат өз тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасты.
Жалпы, 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,1 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 6,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,2 пайызға, қызмет көрсету саласы 15,2 пайызға, құрылыс жұмыстары 9,8 пайызға өсті.
2026 жылы облыс экономикасын 9,1 пайызға, өнеркәсіпті 8,8 пайызға, қызметтерді 17,2 пайызға, құрылыс жұмыстарын 15 пайызға және ауыл шаруашылығын 6,6 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл үшін 6,2 миллиард доллар инвестиция тарту және 2,8 миллиард доллар экспортты қамтамасыз ету көзделген.

Бұдан былай аудандардың әлеуетін жасанды интеллект көмегімен талдап, өнеркәсіп, инвестиция және экспорт бойынша жаңа мүмкіндіктерді анықтау қажеттігі айтылды. Бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін облыста «Цифрлық даму – жасанды интеллект орталығын» ашу ұсынысы қолдау тапты.
Облыста өнеркәсіпті басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп жатқаны, әкімнің өнеркәсіп мәселелері жөніндегі орынбасарына инвестиция мен экспортты көбейту, дайын және жартылай дайын өнімдер үлесін арттыру бойынша нақты тиімділік көрсеткіштері белгіленетіні айтылды.
Биыл 883 елді мекенді әлеуметтік тұрғыдан дамыған аумаққа айналдыру, 84,7 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастыру, 37 мың бейресми жұмыс орнын заңдастыру және 13,3 мың жұмыссыз азаматты кәсіпке оқыту міндеті жүктелді.
Өнеркәсіптегі тағы да өсім көздері ретінде бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, Ангрен қаласында керамика және керамогранит плиткасын өндіру, «Янгиюл» ауданында «Тинчлик» шағын өнеркәсіп аймағы, «Паркент» ауданында «Parkent Pharm» еркін экономикалық аймағы, «Орта Шыршық» ауданында жиһаз өндірісіне маманданған кластер, саңырауқұлақ өсіру және тәтті жүгері өндіру, түркиялық инвестор қатысуымен балық шаруашылығы кешені, Нурафшан қаласында тоқыма және трикотаж өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Отырыста ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне де назар аударылды.
Мал және құс еті өндірісінің көлемі әлі де елорда мен облыс қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты «Ахангаран» ауданында мал шаруашылығын дамыту және жем-шөп базасын кеңейту бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылады. Мұнда қой және ешкі шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы құрылып, 50 мың бас асыл тұқымды мал әкелу жоспарланған. Ахангаран орман шаруашылығы балансындағы ормансыз 60 мың гектар жайылымды аукцион арқылы бөлу тетігі енгізіледі.
Жалпы, 2026 жылы 2,1 триллион сумдық 78 мал шаруашылығы жобасы жүзеге асырылып, 496 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, 35 мың гектар аумақта су үнемдейтін технологиялар енгізу, жаңа жерлерді игеру, бақтар мен жүзімдіктер отырғызу жоспарланған.
Құс шаруашылығын дамыту мақсатында «Аққорған» және «Ахангаран» аудандарында жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін, құны 45 миллион доллар болатын жобалар іске асырылады. Сондай-ақ пияз бен сарымсақтан алынатын табыс бидайға қарағанда бірнеше есе жоғары екені айтылып, Ахангаранда егіс алқаптарын жоғары табысты дақылдарға кезең-кезеңімен көшіру ұсынысы мақұлданды.
Қысқа уақыт ішінде Бостандықтағы «Амирсай» қысқы курорты мен «Белдерсай ресорт» халықаралық деңгейдегі туризм орталықтарына айналғаны атап өтілді. Енді осындай жобаларды Паркент, Газалкент, Ахангаран және Ангреннің таулы аймақтарында да жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Мысалы, Паркентте «Алтын бел» шыңы маңында қонақ үйлер, «шале» үлгісіндегі үйлер, демалыс және ойын-сауық кешендерін қамтитын тау шаңғысы курорты, ал «Ахангаран» ауданында «Көгілдір таулар» демалыс аймағы негізінде заманауи туристік кешен салынады.
Сонымен қатар, Ангрен қаласының «Лашкарак» және «Янгиабад» аумақтарында «туризм ауылдары», «Бекабад» ауданында экологиялық және аңшылық туризм, «Паркент» ауданында «Кумушкон» туристік кешені және «Паркентсайда» отбасылық демалыс орындары мен қонақ үйлер ұйымдастыру жоспарланған. Орналастыру орындарының сыйымдылығын 35,5 мыңға жеткізу көзделген.
Бұл жұмыстар нәтижесінде облыста туризм экспорты 600 миллион долларға, ал шетелдік және жергілікті туристер саны 16,5 миллионға жеткізіледі.
Жиында облыстың «ауыр» санаттағы және «Жаңа Өзбекстан келбетіндегі» аудандар, қалалар мен елді мекендердегі 231 жобаға 956 миллиард сум бөлінгені айтылды. Тұрғын аудандарда тұрғын үй, электр, су, кәріз және жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жеделдетіледі.
Атап айтқанда, ауыз су жоқ 39 елді мекен толық орталықтандырылған сумен қамтылады, тағы 81 елді мекендегі 166,7 шақырым тозған су желісі жаңартылады. Сонымен қатар, 145 елді мекендегі 121 ескі трансформатор ауыстырылып, 443,6 шақырым электр желісі жаңартылады.
Жиында ірі әлеуметтік және инновациялық жобалар да қаралды. Атап айтқанда, «Жоғары Шыршық» ауданында 400 гектар аумақта құны 5 миллиард доллар болатын «Tashkent Medical Smart City» халықаралық инновациялық медицина қалашығын салу жоспары талқыланды. Сондай-ақ Нурафшан қаласында 35,4 миллион долларлық Болашақ технологиялар орталығын ашу, 100-ден астам шетелдік IT компанияны тарту және қызметтер экспортын жылына 20 миллион долларға жеткізу, 670 орындық көпсалалы медицина кластері, әлеуметтік нысандар орталығы және облыстық мемлекеттік архив ғимараты жобалары қарастырылды.
Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «жасыл экономика» және жастар саясаты бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар да қаралды.
Жиын соңында Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға облыстағы реформалар штабы мен бірлесе отырып, бар әлеуетті толық пайдалану, жаңа жұмыс орындарын құру, халық табысын арттыру және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған әрбір бағдарламаның нақты нәтиже беруін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді. Ташкент облысын әлеуметтік тұрғыдан дамығн өңірге айналдырып, басқа аймақтарға үлгі ету – негізгі басым міндет ретінде белгіленді.