Италиялық әйел 1 миллион еуро ұтқан лотерея билетін қоқысқа лақтырып жіберген
Италияның Апулия өңірінде тұратын әйел терминалдан шыққан «ауыстыру мүмкін емес» деген хабарламаны қате түсініп, 1 миллион еуро ұтып алған лотерея билетін қоқысқа тастап жіберген. Негізінде, терминал бұл көлемдегі ұтысты қарапайым дүкеннен алу мүмкін еместігін ғана ескерткен.
Қателігін түсінген әйел бірден қалдықтарды басқару қызметіне жүгінген. Алайда ол кезде билет қоқыс таситын көлікке тиеліп кеткен еді. Соған қарамастан, қызметкерлер тиісті көлікті анықтап, 24 сағаттан астам уақыт бойы қоқысты ақтарып, билетті іздеген.
Нәтижесінде жолы болған билет бүлінбеген күйінде табылды. Қалдықтарды басқару компаниясы директорының айтуынша, әйел бұл қуанышты хабарды естігенде көз жасына ерік берген. Сондай-ақ ол билетті іздеуге кеткен шығындарды өтеуге келіскен.