БҰҰ Израильдің Сирияға жасаған әуе шабуылдарын қатаң айыптады
Біріккен Ұлттар Ұйымы Израильдің Сирия аумағына жасаған әуе соққыларына байланысты терең алаңдаушылық білдірді.
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай әскери әрекеттер мүлде қабылдауға келмейді және қақтығысты дереу тоқтату қажет.
Дюжаррик аталған соққылар Сирияның аумақтық тұтастығы мен әуе кеңістігін кезекті рет өрескел бұзу екенін айтып, БҰҰ мұндай шабуылдарға қарсы екенін ерекше атап өтті.
Мәліметке сәйкес, шабуыл кеше таңертең жасалған. Израиль әскери-әуе күштері Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясының шығысында орналасқан «Абу әл-Духур» әскери әуе базасына жалпы саны сегіз әуе соққысын жасаған.
SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Алайда әуе соққылары 2012 жылдан бері ұшу үшін белсенді пайдаланылмаған әуе базасының ұшу-қону жолағы мен қоймаларына елеулі зиян келтірген.