Ауғанстандағы су тасқыны құрбандарының саны жүзге жуықтады
Ауғанстанды нөсерлі жауын соңы алапат су тасқынына ұласты. Салдарынан көптеген адам қаза тауып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалып, ауқымды қираулар орын алды.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта ел табиғи апатпен күрес жүргізіп жатыр.
Мәліметтерге сәйкес, ел бойынша су тасқыны құрбандарының саны 99 адамға жеткен, ал соңғы тоғыз күн ішінде 154 адам жарақат алған.
Табиғи апаттарды басқару ұлттық басқармасы өкілінің айтуынша, 26 наурызда басталған нөсерлі жауын-шашын көлемді су тасқыны мен көшкіндерге алып келген.
5 мың үй толық немесе жартылай қираған, 355 шақырым жолды су шайып кеткен, 14 405 гектар ауыл шаруашылығы алқабын су басқан. Жалпы 8 532 отбасы зардап шеккен.
Ауғанстанның метеорология қызметі алдағы күндері жауын-шашынның жалғасатынын ескертіп, елдің барлық 34 провинциясының шалғай және таулы аймақтарында су тасқыны қаупі сақталатынын мәлімдеді.