Өзбекстан үкімет делегациясының Әзірбайжанға сапары барысында Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаев пен Әзірбайжан Республикасының Экономика министрі Микайил Джаббаров арасында келіссөздер өтті.
Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің хабарлауынша, келіссөздерге екі елдің бас министрліктері мен ведомстволарының басшылары да қатысты.
Диалог барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды күн тәртібі талқыланып, өзара сауданың қазіргі жағдайы мен оны дамыту перспективалары қарастырылды.
«Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың басым бағыттарының бірі ретінде өнеркәсіптік кооперация және инвестициялық әріптестік саласындағы ынтымақтастық қарастырылды. Өзбекстан-Әзірбайжан инвестициялық қорын құру бойынша бірлескен жұмысты жеделдету, сондай-ақ жалпы құны 700 миллион доллардан асатын 5 ірі жобаның қаржылық-техникалық аспектілерін әзірлеуге өзара қызығушылық білдірілді. Осы бағыттардағы күш-жігерді үйлестіру үшін жұмыс тобын құруға келісілді», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар бірлескен кәсіпорындарды, оның ішінде автокөлік, зергерлік бұйымдар мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіруді одан әрі кеңейту шараларына ерекше назар аударған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Әзірбайжан-Өзбекстан инвестициялық қорын құру туралы өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойды. Бұл қор екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге және өндірістік кооперацияны дамытуға қызмет етеді, делінген ведомство хабарында.
Айта кетейік, екі ел арасында өзара сауда көлемі 2021 жылы 42 пайызға, ал биылғы жылдың басынан бері 52 пайызға өскен. Алдағы кезеңде тауар айналымын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндіктер мен ресурстардың бар екені айтылды.
ӨзА