Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва өлім жазасын жоятын заңға қол қойды. Оның өзі де 1960 жылдары өлім жазасына кесілген болатын, бірақ кейін бұл үкім түрме жазасына ауыстырылған еді.
Euronews хабарлауынша, Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва өлім жазасын жою туралы заңға қол қойған.
Жаңа заң тек қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге тыйым салып қана қоймай, соттарға өлім жазасына кесілген барлық тұтқындардың істерін қайта қарау міндетін жүктейді. Есептеулер бойынша, қазір елде шамамен 60 тұтқын өлім жазасына кесілген. Бұл жазаның орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру және ұзақ мерзімді түрмеге қамау жазалары қолданылатын болады.
Айта кету керек, Зимбабведе өлім жазасы соңғы рет 2005 жылы орындалған. Мнангагва билікке келгеннен кейін бірнеше рет президенттік өкілеттігін пайдаланып, өлім жазасына кесілгендердің жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған.
Елдің қазіргі президенті 1960 жылдары, Зимбабве тәуелсіздігі үшін соғыс кезінде, пойызды жарып жібергені үшін өлім жазасына кесілген, бірақ кейінірек бұл жаза 10 жыл түрме жазасына ауыстырылған.
Кения, Либерия және Гана сияқты Африка елдері де жақында өлім жазасын жою бағытында «оң қадамдар» жасаған, бірақ бұл бағытта заңды әлі қабылдаған жоқ.
Amnesty International ұйымының мәліметінше, әлемнің 113 елінде өлім жазасы жойылған. 2023 жылы әлем бойынша 1,2 мың адам өлім жазасына кесілген — олардың көпшілігі Иран мен Сауд Арабиясына тиесілі. Келесі орындарда Сомали мен АҚШ тұр.