ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Әңгіме
Саида ЗУННУНОВА, өзбек жазушысы, ақын
Иқбалхон үйіне қалай жеткенін байқамады. Жиналысқа көңіл-күйсіз кетіп еді, жүрегі ауырып оралды. Екінші қабатқа қиналып әрең көтеріліп, сәл демін алып барып, пәтерінің қоңырауын басты. Есік бірден ашылмаған соң, сырт киімін жол сөмкесінің үстіне қойып, қабырғаға сүйкенді. Сол кезде көрші пәтердің есігі ашылып, одан орта жастағы әйел шықты.
- Ой, Иқбал Азизовна, Сіз бе? Енді келдіңіз бе? Толқын кілтті маған қалдырып кетіп еді. Қазір мен... - есікті ашық қалдырып, аяғындағы тәпішкесін сылпылдата сүйретіп ішке кіріп кетті де, көп ұзамай қайта шықты, - Толқын, сіздің бүгін келетіңізді айтып еді, - деді көрші әйел кілтті беріп жатып.
- Ол менсіз қиналып қалмады ма екен?
- Жо-жоқ, о не дегеніңіз! Мен қарайласып тұрдым, тамақ істеуге де көмектестім. Кеше, сабағынан келе сала пәтерлеріңізді жинауға кірісті. Сіздің ұлыңыз керемет бала ғой, Иқбал Азизовна. Ех, қызым болғанда, Толқын менің күйеу балам болар еді?
Бұрын мынадай мақтау сөздер естісе Иқбалдың жүзі жайнап кетер ме еді, ал қазір қабағы түйіліп, еріндерін тістеледі. Ұлымен соңғы ренжіскендерін есіне алды. Аяқ киімін әдеттегідей ыждағатталықпен тазалап сүртіп жатпай, бөлмесіне кіріп кетті. Пәтер іші тап-таза, ыдыс-аяқтар орындарында. Епті әйел қолының ізі сезіліп тұрғандай. Жұмыс үстелінде вазаға раушан гүлдері қойылыпты. Қолына алып, ақырын мұрнына жақындатып иіскеп еді, жарық көрмей, қауызы ашылмаған гүлдерден қандай да бір иіс сезілмеді. Ұлы мен екеуінің осы гүлдер сияқты қатар тұрғанымен, бірге емес екені туралы ойлағанда жүрегі қысылып кетті.
Терең күрсініп, вазаны орнына қойып, төргі бөлмеге өтті. Мұнда да тап-тұйнақтай тазалық. Үстелде термос тұр. Екі тоқашты майлықпен жауып қойыпты. Бір жапырақ қағазға "Анашым, сіздің бүгін келетініңізді білдім. Термоста Сіз ұнататын шәй. Тамақ ас үйде. Қалғаны тоңазытқышта" деген жазу қалдырыпты.
Бұрындағыдай ұлының қолымен жазылған қағазды сүйіп алмады. Өйткені, осынау жылы сөздердің артында қаншама реніш тұрғанын ол енді білетін еді. Кетер кезде ұлы көптен бері ішіне сыймай жүрген анасына деген өкпесінің бәрін айтып салғанда, ол қатты ренжіген болатын. Енді болса, ұлының айтқан сөздерінде шындық бар екеніне көзі жеткендей. Шынымен де сол әңгіме оны өткен өміріне көзсалып, есіне алуға итермеледі.
Термостағы шәйден құйып алғанымен, ол суып қалды. Кесені ұзақ ұстаған Иқбалхон үнсіз отыр. Мәскеудегі ғылыми симпозиумға ойламаған жерден баратын болды. Жолға асығыс дайындалып, ұлын қасына отырғызды. "Ұлым әрдайым жалғыз қалады, деп ойланып, - келін түсірсе қалай болар екен?". Ұлының үшінші курста оқитын қызбен кездесіп жүргенін естіген еді. Бірақ Толқынның өзі ол туралы тіс жармайтын. Үйлену туралы сөз көтеріле бастаса ұлы үндемей орнынан тұрып кететін. Бұл жолы анасы шыдамай, ойындағысын айтып қалды: - Жақсы қыздар бар. Сені үйлендірсем қалай болады? Сен үшін көңілім тыныш болар еді... Толқынның жүзі өзгеріп сала берді.
- Біздің үйде басқа бөтен біреудің өмір сүруі мүмкін бе екен?
- Толқын, сен деп тұрсың? Мен адам емеспін бе?
Толқын орнынан тұрып кетті. Шешесі оның әр қимылын бағып тұрды. Өтірік күлгісі келгенімен, күле алмады.
Бұл үйде бәрі тек сіздің қалауыңыздай болуы керек. Мен сіздің ұлыңыз болғандықтан ғана шыдаймын... - деген сөздерді естіді.
- Неге шыдап жүрсің? Ақымағым-ау, мен сені қинап жүрмін бе сонда? - деп ұлымен ортақ тіл тапқысы келіп айтқанымен, дірілдеп өз-өзіне келе алмады. Толқын үндемей ас үйге шығып кетті. Иқбалхон артынан барып: - Неге үндемейсің? Жауап бер, мен сұрақ бердім ғой?
- Бәрібір түсінбейсіз.
- Нені түсінбеймін?
- Анашым, - деп шешесіне бұрылып, - мен балалық шағымнан өз қалауым бойынша еркелеген, асыр сап ойнаған бірде-бір сәттерім есімде жоқ. Достарымды үйге шақыра алмаймын. Аяқ киімімді сыртта шешіп, қолыма алып, содан кейін ғана үйге кіремін. Үстел басында отырғанда қолымнан байқамай түсіп кеткен нан қиқымына да сіз жаман көзбен қарайсыз. Бәрінің де шегі бар...
- Ой, ақымағым менің, үйді әрдайым жинай беруге шешеңнің қолы тимейді ғой. Сен үшін ғой бәрі.
- Мен өзім де жинай аламын. Мысалы, достарымда болғанда... Тамақтанамыз, ішеміз, жейміз, билейміз, секіреміз. Сөйтіп үйдің опай-топайын шығарамыз...
- Олардың шешелерінің қолдары бос, үйден басқа жұмыстары жоқ болар.
- Неге? Олар да қызметте. Адамға үй осы не үшін қажет? Ол жерде көрме ұйымдастыру үшін бе? Жарайды, бәрібір түсінбейсіз!
- Қараймын, сен түсінгіш боп кеткен сыңайлысың, - деп Иқбалхан шынымен ашуланды.
- Егер баланың ойыншықтары шашылып жатып, оны жинамаса, еркектің кір киімдері жуылмаса, ол үй неғылған үй?...- деп ұлы тоқтай алмады.
Ұлының соңғы сөзі Иқбалхонның жүрегіне ауыр тисе де, еш жауап қатпай, жол сөмкесін алды да, шығып кетті. Толқын жылдам киініп, анасының артынан жүгірді. Иқбалхон такси күтіп тұр екен. Толқын үндемей, сөмкесін алды. Әуежайға дейін үн-түнсіз жетті. Тек, ұшаққа отырғызу басталғанда ғана ұлының мандайынан сүйіп, өтініш білдірді: - Абай болшы, алтыным.
Жолда да, жиналыс кезінде де, тіпті ұйқысы қашқан Мәскеу түндерінде де ұлымен болған соңғы әңгіме есінен шықпай, мазалай берді. Өткен кездер ойына оралып, әсіресе ұлының "егер баланың ойыншықтары шашылып жатып, оны жинамаса, еркектің кір киімдері жуылмаса, ол үй неғылған үй?” деген сөздері жүрегіне шаншудай қадалып тұрып алды. Бұл оның қыйын да, ескірмес қайғы-жарасы еді. Жазылмас жараны жүрегінде сақтап жүргеніне қаншама уақыт өтті. Ескі жараның аузы қайта ашылатын кездер де болады екен.
Иқбалхон аспирантурада оқып жүргенде тұрмысқа шықты. Жолдасы Юлдашали де аспирант еді. Бір жылдан кейін өмірге Толқын келді. Юлдашали диссертациясын ойдағыдай қорғады. Ал, ертелі кеш ұлымен айналысып, қолы тимей кеткен Иқбалхонның ғылыми жұмысы тоқтап қалды. Бар пәле осы кезден басталғандай. Иқбалхонның қағаз бетіне қарауға мұршасы келмей жатқанда, күйеуі кітаптарын ақтарып, жарым түнге дейін газет-журнал қарайтын. Түнде көз шырымын алып қана үлгірген Иқбалхон, таң сәріден күйеуіне тамақ дайындаумен шапқылайтын. Юлдашали бәрін түсінгенімен, оның қолынан еш нәрсе келмейтін. Түнде бала жылап оянғанда, ерте тұрып үлгірген ол ұлын қолына алып, жұбатуға тырысатын. Бірақ, әкесінің епетейсіз қылықтары ұнамай ма, әлде басқа ма бала мазасызданып, жылауын қоймайтын. Ол не істерін білмей әйеліне қарайды. Иқбалхон баланы күйеуінің қолынан алып, жаялығын ауыстырады. Бала маужырап ұйқыға кетеді. Тынышталған сәбиге қарап Иқбалхонның жүзіне күлкі оралады, Юлдашали де мәз болатын.
Толқын бір жасқа келгенде оны балабақшаға берді. Қолы ұзарғандай болғанымен, жұмысқа бірден кірісіп кете алмады. Иқбалхон диссертациясын тек бір жылдан кейін ғана қорғай алды.
Институтқа оқытушы болып жұмысқа тұрды. Толқын оған кедергі болмайтын. Балабақшадан алады, үйге келіп тамақтандырады, содан ол өзіне арналған бұрышта ойыншықтарымен ойнап отыратын. Иқбалхон кешкі тамақ дайындауға кіріседі. Баланы ұйықтатып барып, ертеңгі лекцияларына дайындалатын.
Бұл кезде Юлдашали докторлық диссертациясын аяқтап қалған. Оған Иқбалхон қызыға да, қызғана да қарайтын. Күйеуі жақында ғылым докторы болады. Ал оған оны армандауға да болмайтын сияқты - барлық уақыты балаға, үй тірлігіне, лекцияларына дайындалуға кететін. Соны ойласа болды, Иқбалхонның көңіл-күйі бұзылып, баяғы ашуланшақтық кейпіне оралатын.
Сондай күндердің бірінде ол ашуын бойында ұстай алмады.
Юлдашали жұмысына кешігіп жатты да, таңғы асын ішуге де уақыт болмай,
- Таза қол орамал бар ма? - деді асығып, сыртқа шығып бара жатып.
Ұлын киіндіріп жатқан Иқбалхон сол кезде тарс жарылды: - Әр нәрсенің шегі бар, менің шыдамым бітті. Мен де сіз сияқты ет пен сүйектен жаралған жанмын...
- Не бүлдірдім?- күйеуі түкке түсінбей.
- Сол орамалыңызды өзіңіз алсаңыз да болады емес пе?
- Ұмытыппын, ал аяқ киіммен кіргім келмеді, - деп ақтала бастап еді, Иқбалхон оған сөзін аяқтауға мұрша бермеді.
- Сіз әрдайым осылай, бәрін есіңізден шығарасыз да жүресіз.
- Не істе дейсіз сонда? - деп әйелін мүлдем түсінбей таң қалды.
Күйеуінің түсінбегеніне одан сайын ашуланып, тіпті жыны келді. Сізге менің осы барым, жоғым бәрібір-ау деймін, а? Мен де адаммын, мен де жұмыс істеймін. Ғылыми жұмыспен мен де айналысуым қажет. Сіз осы туралы ойладыңыз ба?
- Мен енді сіздің орныңызда бола алмаймын ғой! - деп айтты да, үйден жылдам шығып кетті.
Аң-таң болған Иқбалхон бір орнында қатты да қалды. Күні бойы күйеуінің соңғы сөзі есінен кетпей, мең-зең болды да жүрді. Арадағы сыйластық сезім біткендей көрінді. Ештеңе істеуге зауқы соқпады. "Осы адаммен неге бірге тұруым қажет?" деген ойдың қалай келгенін өзі де байқамады. Кімнен кеммін? Кандидаттық диссертация қорғаған кезде қандай мақтаулар естіді! Яғни, еңбегі зая кетпеді деген сөз, өйткені ондай абыройды жеңіл жолмен жинай алмайсын. Үй тірлігі?.. Ол біткен бе және ол үшін кім рахмет айтады. Ал күйеуі болса, көңілін аулап, өтірік болса да бір-екі жылы сөз айтудың орнына, "мен енді сіздің орныңызда бола алмаймын ғой" деп кетіп қалғанын қарамайсың ба? Осы сөздер оны күні бойы мазалай берді. Кешкі тамақ дайындамады. Ұлын тамақтандырып, ұйықтатты да, жұмыс үстеліне жайғасты. Ол әлі көрсетеді күйеуіне, қолынан не келетінін!
Кешке Юлдашали күнделікті жұмыстан үйіне келгендегі әбігерді байқамады, оны өлі тыныштық қарсы алды. Әйелі жұмыс үстелінде жазу жазып отыр, күйеуі кіргенде тіпті басын да көтермеді. Таңертеңгі өзінің қылығына өкінді. Сырт киімін шешпей, әйелінің жанына келіп, қолын иығына қойды; екінші қолымен үстелге сүйеніп, әйелінің не жазып жатқанын бақылап біраз үнсіз тұрды. Иқбалхон сонда да жұбайына көңіл аудармай, жұмысын жалғастыра берді.
Юлдашали киімдерін ауыстырып, жуынып, ас үйге кірді. Шәй қойды. Бірақ, қарны аш екені есіне түсіп, тоңазытқыштан етті алып, оны ары-бері айналдырып, қай шетінен бастарын білмей, әбдіріп қалды.
- Тұрыңыз, бірге тамақ дайындайық. Сіз кеңес беріп тұрасыз... - деді сенімсіз дауыспен, әйеліне қарайлатып.
- Маған тамақтың да, үйдің де қажеті жоқ, - деп Икбалхон жұмысын жалғастыра берді.
- Сондай сөздеріңізді қойыңызшы... -деді Юлдашали өтініп.
- Менен басқасын тауып алыңыз, үйден шықпай отыратын...
Юлдашали үнсіз тұрып қалды. Ебедейсіз кесілген пияз бен етті итеріп қойды да, сырт киімін киіп, шылым тұтатты. Ойланып біраз тұрып, есікті ашып шығып бара жатқанда артынан әйелінің,
- Кері оралмасаңыз да болады, - деген сөзін естіді.
Есіктің тұтқасын ұстап, тұрып қалды. Есіктің жабылғаны естілді. Көп ұзамай қадамдарының дауысы да естілмеді. Иқбалхон орнынан тұрғанымен, терезеден қарамады. "Шынымен де, "Кешіріңіз, мен сізді орынсыз ренжіттім"- деп айту қиын ба?.. Тілі кесіліп қала ма содан. Ренжіту жеңіл, ал кешірім сұрау соншалықты қиын болғаны ма?! Бұндай адаммен бірге тұрудың енді мәні жоқ",- деген ой Икбалхонның басында тұрып алды. Енді ол ештеңеге күмәнданбады. Тек, пәтер мәселесін қалай шешеді? Егер мына үш бөлмелі пәтерден кететін болса, ол қайда барады қаңғып. Бұл қалада оны күтіп тұрған кім бар дейсің. Өйткені, Иқбалхон жетім балалар үйінде тәрбиеленген еді. Юлдашалидің де баратын жері жоқ - ол Ташкентке оқуға алыс қышлақтан келген. Енді не істеу керек? Сонда да, күйеуі дәмханадан тамақтанып, үйге қайтып келгенде, Иқбалхон өзінің "ертең біреуіміз үйден кетуіміз тиіс" деген шешімін айтты. Тосын хабарды естігенде алғашында Юлдашали мең-зең болып қалды, сәлден соң естен тандырар халден арылғанымен, тамағына келген өксікті жасыра алмай,
- Сіз ұлым екеуіңіз қам жемеңіздер, мен кетемін. Ең бастысы Толқынды ойлаңыз, - деді.
- Мен бір баланы тәрбиелей алатын шығармын.
- Сонда да... Икбалхон, сіздің мына істеген қылығыңыз өзіңізге жеңіл көрінбейді ме?
- Жас бала емеспіз, менің де басым бар шығар.
- Яғни, бәрі бітті ме?
- Иә.
Күйеуінің баратын жері жоқ болып, кейде жұмыс орнында қонып жүргенін естісе де, ол илікпеді. Достары қанша татуластырғылары келгенімен, келіспеген Иқбалхон түгел өзін жұмысқа арнады. Нәтижесінде ғылым докторы дәрежесін иеленді. Ұлы да өсті. Бірақ, уақыт өткен сайын оның жүрегін зілбатпан бір ауырлық басып тұрғандай сезінетін. Ештеме ойламау үшін бар уақытын ғылыми жұмыспен айналысумен өткізетін. Үй тірлігі үй күтушіден қалмайтын. Қаншама уақыт өзінің осы өміріне риза болып келді. Бірақ, бәрін кейін түсінді. Юлдашали, әрине көп уақыт күтті, болмаған соң басқа отбасын құрып кетті. Иә, кезінде қиналтқан үй тірлігінен ешқандай әйелдің құтыла алмайтынына енді ғана көзі жетті. Баласына өзінің шаршаған жүйкесін көрсетпеу үшін, ол одан тым алшақтап кетті. Толқын тұйық болып өсті. "Дәл әкесі, әлде жалғыз болғандықтан ба екен, немесе әкесін жиі көруінен бе? Толқын әкесін екінші әйелінен туған балаларынан қызғанатын сияқты..."- деген ойлар мазалай берді.
"Егер баланың ойыншықтары шашылып жатып, оны жинамаса, еркектің кір киімдері жуылмаса, ол үй неғылған үй..." Жүрек тұсы шаншып, Икбалхонның тынысы тарылып кетті. Өмірінде бірінші рет қатты өксіп-өксіп жылады.
Есік ашылып, сырттан Толқын кіріп, аяқ киімін шешіп жатты. - Кірсеңші ұлым, кірсеңші...
- Қазір, анашым! - шешесін әрдайым жұмыс үстінде көретін Толқын, оның көзіндегі жасты көріп, қорқып кетті. - Не болды?
Ұлының қобалжуынан Иқбалхонның жүрегі елжіреп, оны кеудесіне басты. - Ешкім де ренжіткен жоқ, алтыным. Жыламадым, жәй ғана көңілім босап. Сені сағынып кеттім. Немере қалаймын. Сенің балаларыңды бағамын. Шешеңнің жүрегінің орнында қара тас деп ойлама. Үймізде толған ойыншықтар шашылып жататын болады, мен неше түрлі дәмді тағамдар даярлаймын, немерелерімді бала-бақшаға апарамын, одан музыка мектебіне. Үйленші ұлым, құлыншағым менің!
Шешесінің бұлай көңілі босайды деп ойламаған Толқын, сасып қалды, үндемей, айтуға сөз таппай тек көзіне түсе берген шашын қайтарумен болды. - Жақсы, анашым, жақсы. Тек сабыр етіңізші, - деген сөз аузына әрең түсті.
Иқбалхон болса ұлын одан бетер құшақтап қатты қысып, өзіне тартып, кезінде жоғалтып алған аналық сезімін іздегендей болды.
өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ