Өзбекстанның жаңадан тағайындалған елшісі Италия президентімен кездесті
Өзбекстанның жаңадан тағайындалған елшісі Абат Файзуллаев Италия президенті Серджо Маттареллаға сенім грамотасын тапсырды.
Италия Президентінің Римдегі ресми резиденциясы Квиринале сарайында өткен салтанатты шара барысында Серджо Маттарелла осы жылдың 9-11 қарашасында Өзбекстанға ресми сапарын еске алып, сапар өзіне ұмытылмас әсер қалдырғанын айтқан.
«Кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық диалогты ілгерілетудің жоғары маңыздылығы қуатталып, Өзбекстан мен Италия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегін тиімді пайдалануға екі тараптың да мүдделілігі атап өтілді», делінген хабарламада.
Сұхбат соңында Италия президенті Өзбекстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен өзі аралаған Самарқанд пен Хиуа қалаларындағы көне ескерткіштердің ерекшеліктерін атап өтті.