Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Мәскеуде өткен ШЫҰ СІМ отырысына қатысты
Абдулазиз Камилов бастаған Өзбекстан Республикасының делегациясы Мәскеудегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты
Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов бастаған Өзбекстан Республикасының делегациясы Мәскеудегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай және Өзбекстан сыртқы істер министрлері ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ Аймақтық антитеррористік құрылымы Атқару комитеті директорының қатысуымен өткен кездесуде ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелерін талқылады.
Өзбекстан СІМ хабарлауынша, министрлер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының күн тәртібі мен қол қойылатын құжат жобаларын қарастырып, Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісін ілгерілету үшін Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы пікір алмасты.
Іс-шара аясында ШЫҰ мен БҰҰ-ның тиісті институттары арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтудің қазіргі аспектілеріне ерекше назар аударылып, осыған байланысты ШЫҰ мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, ЭСКАТО, ЮНКТАД және ДДСҰ арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоюдың маңыздылығы айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша делегациялардың басшыларын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қабылдады.