Өзбекстанның Шри-Ланкадағы алғашқы елшісі Алишер Тухтаев (резиденциясы Исламабад қаласында орналасқан) аталған ел президенті Анура Кумара Диссанаякеге сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты рәсімнен кейін өткен сұхбатта Шри-Ланка президенті Өзбекстанның Коломбодағы алғашқы елшісінің тағайындалуын тарихи оқиға деп атап, бұл қадам екі ел арасындағы жан-жақты және тұрақты әріптестікті жаңа деңгейге көтеретінін мәлімдеген.
Президент Анура Кумара Диссанаяке, сондай-ақ, Өзбекстанды Шри-Ланканың Орталық Азиядағы сенімді әрі болашағы зор серіктесі деп санайтынын айтып, өзара сенім, прагматизм және құрметке негізделген стратегиялық қарым-қатынастарды жолға қоюға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында саяси диалогты кеңейту, шарттық-құқықтық базаны нығайту, сауда, инвестициялар, туризм, білім, логистика және агротехнологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, экономикалық реформалар, цифрландыру және кәсіпкерлікті өркендету бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Шри-Ланка басшысы екі ел арасында тікелей іскерлік байланыстар орнату, бизнес-форумдар, көрмелер және кәсіпкерлер сапарларын ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы бағытта бірқатар бастамалар, соның ішінде Үкіметаралық бірлескен комиссия құру ұсынылды.
Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Шри-Ланка арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өзара тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін зор мүмкіндіктер бар екені айтылды. Бұл қадам екі елдің сыртқы сауда географиясын кеңейтіп, экспорт-импорт номенклатурасын жаңа әрі бәсекеге қабілетті тауарлармен толықтыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Шри-Ланка президенті Анура Кумара Диссанаяке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке сәлемін және ең ізгі тілектерін жолдап, бейбітшілік пен тұрақты өркендеуге қызмет ететін нәтижелі ынтымақтастыққа үміт білдірген.