Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстанның мәдени мұрасына қатысты құнды жәдігер Лондоннан қайтарылды
17:52 / 2025-09-04

Лондондағы «Орфей» галереясында сақталып келген XII–XIII ғасырларға, Ғазнәуилер дәуіріне тиесілі құнды жәдігер Өзбекстанға қайтарылды.

Өзбекстан Ислам өркениеті орталығының хабарлауынша, орта ғасырларда Хорасан мен Мәуереннаһр ілім-білім, мәдениет, қолданбалы өнер және қолөнердің ірі ошақтарының бірі болған. Бұл өңірде жасалған бұйымдар тек тұрмыстық қажеттілікті өтеумен ғана шектелмей, халықтың жоғары көркем талғамы мен рухани дүниетанымын да бейнелеген.

Осындай бірегей артефакттардың бірі гүл жапырағы пішініндегі қорғасын ыдыс. Шамамен XII–XIII ғасырларға, Ғазнәуилер дәуіріне тиесілі бұл жәдігер бұған дейін Лондондағы «Орфей» галереясында сақталып келген. Мұндай ыдыстар сол кезеңде салтанатты рәсімдерде, үй ішін безендіруде кеңінен қолданылған әрі шеберлердің жоғары кәсібилігін көрсеткен.

Өзбекстан музейлерінде бұл типтегі бұйымдар өте сирек сақталған. Сол себепті оларды халықаралық коллекциялардан елге қайтару - ұлттық мұраны байытып, халық тарихын жұртшылыққа кеңінен таныстыруда аса маңызды қадам саналады.

Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының басты міндеттерінің бірі осындай бірегей артефакттарды жинақтап, оларды халықаралық қауымдастыққа ұсыну. Гүл жапырағы пішініндегі қорғасын ыдыстың аталмыш орталықтың негізгі экспозициясынан орын алуы - осы бағыттағы маңызды бастама.

Мұндай артефакттар өткен мен болашақты жалғайтын үнсіз куәгерлер. Оларды көздің қарашығындай сақтау мен қайта елге әкелу - келер ұрпаққа арналған рухани көпір іспетті.

Сонымен қатар, бұл мәдени жәдігердің қайтарылуы Өзбекстанның халықаралық деңгейде тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қайтарудағы беделін нығайта түседі. Елдің осындай нақты бастамалары ұлттық мұраны сақтау мен ұлттың рухани бірегейлігін қайта жаңғыртуда маңызды рөл атқарып келеді.