Өзбекстанның Фиджидегі алғашқы елшісі тағайындалды
Өзбекстанның Фиджи Республикасындағы елшісі болып тағайындалған Мухсинхужа Абдурахмонов аталған елдің президенті Рату Найкама Тавакеколати Лалабалавуға сенім грамотасын тапсырды. Елшінің резиденциясы Токио қаласында орналасқан.
Ресми шарадан кейін өткен әңгімелесу барысында Өзбекстан мен Фиджи арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім және туризм салаларындағы байланыстардың қазіргі жағдайы мен келешегі жөнінде пікір алмасылды.
Президент Найкама Лалабалаву екі елдің географиялық тұрғыдан алшақтығына қарамастан, оларды өзара құрмет, сындарлы диалог және ортақ құндылықтарға негізделген достық қатынастар байланыстырып тұрғанын атап өтті.
Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар тарихында алғаш рет Өзбекстанның Фиджидегі елшісінің тағайындалуы Фиджи тарапы үшін де маңызды тарихи оқиға болғаны айтылды.
Өзбекстан мен Фиджи арасындағы дипломатиялық қатынастар 2010 жылдың 16 маусымында орнатылған.