Өзбекстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіліне Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі берілді
Өзбекстан Президентінің жарлығына сәйкес республиканың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Бахтиер Ибрагимовқа Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі берілді, деп хабарлайды «Dunyo» ақпараттық агенттігі.
Бахтиер Ибрагимов 2017 жылдың мамырында Өзбекстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалған. Ол Ташкентте туған, қазір 54 жаста. 1992 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымдарда, соның ішінде АҚШ пен Оңтүстік Кореядағы Өзбекстан елшіліктерінде жұмыс істеген.
2019 жыл маусымда Өзбекстан алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясында кезекті сессия төрағасының орынбасары болып сайланды. Бахтиер Ибрагимов бұл лауазымды 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың қыркүйегі аралығында БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында елдің тұрақты өкілі ретінде жүзеге асырды.