Өзбекстан аумағында орналасқан 7 мәдени мұра нысаны Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет саласындағы беделді ұйымы — ICESCO тізіміне енгізілді.
Жуырда елімізде Ислам әлемінің мәдени мұрасы жөніндегі комитеттің 13-сессиясы өтіп, онда Ислам әлемінің мәдени мұрасы тізіміне Өзбекстанның материалдық және материалдық емес мәдени мұра нысандарын енгізу мәселесі қаралған болатын.
Өзбекстанда өткен комитеттің 13-сессиясының қорытындысы бойынша, ұсынылған 9 нысанның 7-еуі мақұлданып, ICESCO-ның Материалдық және материалдық емес мәдени мұра нысандарының бастапқы тізіміне енгізілді.


Тізімге енгендер қатарында материалдық емес мәдени мұраның 4 үлгісі бар, олар:
• ағаш ою өнері;
• миниатюра өнері;
• каллиграфия өнері;
• кодикология және көркем безендіру өнері бар.
Ал, материалдық мәдени мұраның 3 нысаны мыналар:
• Көне Термез кешені;
• Шахрисабз тарихи кешені;
• Миздахкан тарихи кешені бар.


Бұл шешім Өзбекстанның бай тарихи-мәдени мұрасының халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтайды. Бүгінгі таңда Өзбекстанның көне қалалары мен дәстүрлі өнер түрлері әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен насихатталуда.
Айта кетейік, бүгінге дейін Өзбекстан Республикасының 19 мәдени мұра нысаны ICESCO тізіміне енгізілген болатын. Кейінгі қосылған нысандарды қоса есептегенде, қазіргі таңда елдің 26 материалдық және материалдық емес мәдени мұра нысаны халықаралық тізімде тіркелген. Бұл — ұлттық мұраны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Бұл жетістік елдің тарихи мұрасын қорғау және оны халықаралық деңгейде кеңінен таныту бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай мойындау Өзбекстанның мәдени туризм әлеуетін арттырып, әлемдік мәдени байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндік береді.