Өзбекстандық спортшылар Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады
Орталық Азия елдерінің спорт саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығару, атап айтқанда, Өзбекстан мен Қазақстан елдерінің дене шынықтыру және спорт саласындағы перспективалық жобаларын жүзеге асыру, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру мәселесі бойынша, Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адхам Икрамов пен Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездесуде талқыланды.
Елші Б. Атамқұлов Өзбекстанда бұқаралық спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыстардың нәтижесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіліп, ескек есу, шахмат, хоккей, бокс және жекпе-жек спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында Өзбекстан делегациясының Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуы талқыланып, спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиынын өткізу, екі елдің дене шынықтыру жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
