Өзбекстан елшісі Мухсинхожа Абдурахманов Жапонияның Daito Trust құрылыс корпорациясының президенті Кеи Такеучимен кездесті.
«Dunyo» агенттігінің хабарлауынша, кездесуде Өзбекстанға шетелдік инвестициялар, жоғары технологияларды тарту, білім беру және көші-қон саласында шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату және дамыту мәселелері талқыланды.
«Өзбекстанда құрылыс, сәулет және машина жасау салаларында жоғары білікті кадрларды дайындау және олардың жапондық корпорацияда біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өту мен жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру жөнінде пікір алмасылды», делінген хабарламада.
Корпорация президенті Кей Такеучи Өзбекстанда жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жапондық технологияларды, сейсмикалық қауіпсіздікті және жер сілкінісіне төзімді жапон құрылыс стандарттарын енгізуге қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.
Ведомство дерегінше, кездесу соңында Daito Trust Construction корпорациясы басшылығының Өзбекстанға сапарын ұйымдастыру және 2024 жылдан бастап Өзбекстаннан 100-ге жуық жоғары білікті инженерлерді кезең-кезеңімен Жапонияда оқытып, жұмысқа қабылдау келісілген.