«Локомотив» клубы мен Өзбекстан жастар құрамасының талантты жартылай қорғаушысы Лазизбек Мирзаев мансабын Испанияда жалғастырады.
Ташкент клубының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «теміржолшылар» Лазизбек Мирзаевты «Леганес» клубына трансферледі. «Леганес» командасы қазіргі уақытта Ла Лига қатысушысы және турнир кестесінде 17-орында тұр.
«Лазизбек Мирзаев футболдағы алғашқы қадамдарын «Локомотив» футбол мектебінде Саидулло Турсуновтың жетекшілігімен бастаған және өз жас санатында Өзбекстандағы ең талантты футболшылардың бірі саналады. Оның Өзбекстанның U17 құрамасында капитан болуы да бекер емес. Біз Лазизбек Мирзаевқа алғыс айтып, Испаниядағы мансабына сәттілік тілейміз», – делінген «Локомотив» хабарламасында.
Еске сала кетейік, жыл басында Мирзаев осы команданың жиындарына қатысқан болатын және қыста 18 жасқа толған соң испан клубымен ресми келісімшартқа қол қоюы туралы хабарланған еді.