Ташкент қаласында «Seeds for the Future» білім беру бағдарламасының кезекті кезеңі ресми түрде басталды.
Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараға Цифрлық білім беруді дамыту орталығының, IT-білім беру қауымдастығының үкіметтік емес ұйымының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары және бағдарламаның алдыңғы қатысушылары қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Цифрлық білім беруді дамыту орталығының директоры Азамат Эшонқулов жастардың цифрлық саладағы талпынысын жоғары бағалады.
– Өзбекстанда цифрлық экономиканы дамыту үдерісі жедел қарқынмен жүріп келеді. Бұл өз кезегінде білікті IT мамандарына деген сұранысты арттыруда. Жастардың білім деңгейі, жаңаша ойлауы және жаһандық білім беру бастамаларына белсенді қатысуы бізді қуантады. «Seeds for the Future» сияқты платформалар еліміз үшін цифрлық кадрлар қорын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – деді ол.
Айта кетерлігі, «Seeds for the Future» бағдарламасы – цифрлық технологияларға қызығушылығы жоғары дарынды студенттерді қолдауға бағытталған халықаралық білім беру бастамасы. 2008 жылдан бері жоба 142 елден 19 мыңнан астам студентті қамтып, 500-ден аса университетпен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.
Іс-шарада хабарланғандай, биылғы бағдарламаға Өзбекстанның алты жоғары оқу орнынан іріктелген 10 студент 19–25 қазан күндері Қытайда өтетін халықаралық оқу бағдарламасына жолдама алды. Бір апталық бағдарлама аясында 19 елден 150 қатысушы жасанды интеллект, 5G байланыс жүйелері, бұлтты технологиялар және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи бағыттары бойынша тренингтерге қатысады.
Бұл бастама жастардың тек техникалық білімін тереңдетіп қана қоймай, халықаралық тәжірибе мен мәдени алмасуға жол ашады. Осындай бағдарламалар арқылы Өзбекстанның жаңа буын мамандары әлемдік цифрлық кеңістікте өз орнын табуға мүмкіндік береді.