Өзбекстанда халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге рұқсат берілді
Өзбекстан аумағында 2021 жылдың 20 ақпанынан бастап Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарына сәйкес халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізуге рұқсат берілді.
Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрме мен жәрмеңкелерді ұйымдастыру шеңберінде келесі талаптар орындалуы тиіс:
- ұйымдастырушы республика аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын келісімшарт негізінде тарта отырып, ұйымдастырылған іс-шаралардың барлық кезеңдерінде эпидемиологиялық процедуралардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі керек;
- барлық қатысушылардан қорғаныш маскасын немесе респираторды тағуы талап етіледі;
- шараға кіру алдында барлық қатысушылардың температурасы өлшенуі қажет, жоғары температура немесе жұқпалы аурулар белгілері бар адамдарға іс-шараға қатысуға тыйым салынады;
- экспозициялар арасындағы қашықтық ені кемінде 3 метр болуы керек;
- іс-шаралар өтетін орындардағы желдету жүйелері кіретін ауаның шығудан басым болуын қамтамасыз етуі керек.