Өзбекстан Министрлер Кабинеті «Электронды коммерция саласын одан әрі дамыту шаралары туралы» қаулы қабылдады.
Құжатқа сәйкес, электронды коммерция операторлары (электронды сауда платформалары, тапсырыс агрегаторлары және цифрлық стриминг қызметі операторлары) ретінде тек Өзбекстан резиденті болып табылатын заңды тұлғалар ғана қызмет ете алады.
Бұл ретте, электронды шарт немесе келісім бойынша ешқандай міндеттеме алмайтын, пайдаланушыларға тек өз ақпараттық ресурсы немесе платформасы арқылы тауарлар (жұмыстар, қызметтер) және цифрлық өнімдер туралы ақпарат ұсынумен шектелетін заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер электронды коммерция операторы болып саналмайды.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап электронды коммерция операторларының қызметі хабарлама тәртібінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, қызметті жүзеге асыратын субъектілер келесі шарттар мен талаптарға сәйкес болуы қажет:
- Өзбекстан заңды тұлғасы ретінде мемлекеттік тіркеуден өту;
- Электронды коммерция, жеке деректерді қорғау, авторлық және сабақтас құқықтар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жарнама саласындағы заңнамалар мен басқа да құқықтық құжаттардың талаптарын сақтау;
- Уәкілетті органның сұрауы бойынша электронды коммерция субъектілерінің қызметіне қатысты ақпаратты тегін ұсыну;
- Бөлшек сауда ережелерінің талаптарын орындау;
- Электронды коммерция қатысушыларына қызмет көрсету үшін қажетті деңгейде жұмыс істейтін ақпараттық жүйенің болуы және басқа да талаптар.
Бұл өзгерістер электронды сауда саласындағы заңнаманы жетілдіруге және нарықтағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Өзбекстанның бұл бастамасы электронды сауда саласын заманауи талаптарға сай реттеуге, шетелдік платформалардың қызметін бақылауға және жергілікті кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Бұл шаралар елдің цифрлық экономикасын дамытуға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.