Өзбекстан аумағында бой көтерген тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құнын 4 миллионнан асырмау міндеті жүктелді.
3 наурыз күні Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығында тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық нарықты дамытудың басым бағыттары туралы бейнеконференциялы жиын өтіп, онда Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне тапсырма берді.
«Бүгінгі күнге дейін біз мұндай ауқымды құрылыс бағдарламасын жүзеге асырған емеспіз. Сондықтан, әрбір облыс әкімі тұрғын үй мәселесіне жеке өзі қатысып, нақты қорытындыға ие болуы керек. Ең үлкен мәселе - тұрғын үй бағасының әділ қалыптасуы. Біздің халық бүгінгі бағамен келіспейді, әкімдер бұл жайында халықпен брге талқылау өткізбегені де рас», - деді Мемлекет басшысы.
Жиында облыс пен аудан әкімдеріне тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 4 миллионнан аспауы үшін барлық шараларды қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар Президент, әр аудан, қала және облыс әкімі өз аймағындағы құрылыс құнын біліп, жақын және арзан құрылыс материалдарын қайдан алуға болады, цемент пен металдың құнын қалай төмендету керек, деген сұрақтарға жауап іздеуі керек, деп айтты.