Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстанда сотталғандарға туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуіне рұқсат беріледі
17:29 / 2024-12-24

Алдағы уақытта Өзбекстанда сотталған азаматтар өз жақындарымен қашықтан бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік алады.

«Тұтқындардың да өз құқықтары бар, және бұл құқықтар құрметтелуі тиіс, тіпті олар жазаланған болса да. Егер біз адамның құқықтарын жоққа шығарсақ, оның адамгершілігін де жоққа шығарамыз...» – Белгілі мемлекет қайраткері Нельсон Манделаның бұл сөзі адамзат баласын мейірімділік пен адамгершілікке үндейді.

Қазіргі таңда Қылмыстық-атқару кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Бұл өзгерістер Ішкі істер министрлігіне қарасты жазаны орындау мекемелерінде жаза мерзімін өтеп жатқан сотталғандарға қашықтан бейнебайланыс арқылы туыстарымен және жақындарымен байланыс орнатуға мүмкіндік беруді көздейді. Аталған заң жобасы Олий Мәжілістің Заң шығару палатасында екінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланды.

Депутат Сайдулла Азимов заң жобасының егжей-тегжейін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, жаңа ережелер сотталғандарға жақындарымен онлайн форматта байланыс жасауға рұқсат береді. Бұл мүмкіндік сотталғандардың туыстарымен қарым-қатынасты үзбеуіне жағдай жасап, моральдық қолдау көрсетуге бағытталған. Заң жобасында бейнебайланыс арқылы кездесудің реті, саны, шарттары мен тәртібі нақты көрсетілген. Сонымен қатар, қосымша байланыс мүмкіндіктерін пайдалану тетіктері де қарастырылған.

Бұл өзгерістердің қабылдануы сотталғандардың отбасыларымен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейтеді, әрі олардың әлеуметтік ортадан оқшауланбауына ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл шара сотталғандардың туыстарының артық уақыт жоғалтып, әуре-сарсаңға түсуін азайтуға мүмкіндік береді.

Депутаттардың талқылауы нәтижесінде заң жобасы мақұлданып, қабылданды. Бұл жаңашылдық сотталған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам саналады.