2025 жылдың 15–17 қазан күндері Ташкент мемлекеттік медицина университетінде маңызды халықаралық шара – «Қазақстан медицинасы күндері» мен «Өзбекстан – Қазақстан медицина жастарының достық апталығы» өтті.
Бұл апталық екі ел арасындағы медицина саласындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жас ғалымдар мен болашақ дәрігерлерге тәжірибе және идея алмасуға мүмкіндік берді.
Форум аясында Ташкент мемлекеттік медицина университетінің студенттері Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орындарының басшыларымен ашық пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Кездесулерге Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов, Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Көшерова, Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дюсупов, және Батыс Қазақстан медицина университетінің проректоры Нүргүл Әбенова қатысты.

Апталық барысында хирургия мен стоматология бойынша халықаралық олимпиадалар, спорттық жарыстар, ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сабақтары және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл шаралар студенттердің кәсіби шеберлігін арттырып, заманауи медицинаның даму бағыттарын талқылауға жол ашты.

Сонымен қатар, қазақстандық ректорлар мен профессорлар «Білім берудегі көшбасшылық», «Әйелдер ғылымындағы инновациялар», және «Медицина болашағы – біздің қолымызда» тақырыптарында дәрістер оқып, жастарға шабыт берді. Олар медициналық ғылымның дамуында білім мен зерттеудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа буын дәрігерлерге кәсіби бағыт-бағдар көрсетті.
Апталық шеңберінде өткен «Хирургия» және «Стоматология» пәндері бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми форумдар студенттер арасында ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, жобалар көрмесі ұйымдастырылып, жас ғалымдар өздерінің инновациялық идеяларын таныстырды.

Іс-шараның қорытындысы ретінде өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Ташкент мемлекеттік медицина университетінің ректоры Шухрат Боймурадов сөз сөйлеп, Өзбекстанда медицина кадрларын даярлау ісі үнемі жетіліп, халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол жеңімпаз студенттерді шын жүректен құттықтап, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Осындай шаралар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен кәсіби ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азиядағы медицина ғылымының дамуына тың серпін берері сөзсіз.