Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті бірлесіп, Өзбекстанда «Қазақстан архиві күндері» шарасын өткізді.
Іс-шара екі бауырлас халық арасындағы байланыстарға қатысты архивтік құжаттар көрмесінің ашылуымен басталды. Аталған көрме аясында Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы архивтерінде сақталған, екі ел арасындағы тарихи, саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды бейнелейтін бірегей құжаттар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.
[gallery-24850]
Көрмеге келген қонақтарға екі халық арасындағы өзара достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестіктің терең тарихын құжаттар негізінде танысты. Бұл құнды дереккөздер тек архив саласы мамандары үшін ғана емес, жас зерттеушілер, студенттер және тарих әуесқойлары үшін де үлкен қызығушылық тудырды.
Көрмелер тек ғылыми-практикалық маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар рухани және мәдени құндылықтарды сақтау, тарихи жадты жаңғырту тұрғысынан да маңызды тәрбиелік әрі стратегиялық мәнге ие. Іс-шара Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып отыр.
Шара аясында маңызды жобалар да ұсынылды. Атап айтқанда, «Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық архивтік фотоқұжатта» атты бірегей кітап-альбомның тұсаукесері өтті.
Аталған кітап-альбом оқырманға әр кезеңдегі Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар жөнінде архивтік фотоқұжаттар негізінде нақты түсінік алуға мүмкіндік береді. Онда екі ел архивтеріндегі фотоқұжаттар топтастырылған. Ол кең жұртшылыққа, ғылыми ортаға, халықаралық және ұлттық сарапшыларға, мемлекеттік орган қызметкерлеріне, азаматтық қоғам өкілдеріне, студенттер мен педагогтарға, жалпы тарих пен мәдениетке қызығатын әрбір жанға пайдалы ақпаратқа бай дереккөз ретінде қызмет етеді.
Сонымен қатар, шара барысында «Ақпараттық қоғамдағы архив орны мен маңызы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Жиында заманауи ақпараттық қоғамдағы архивтің орны, тарихи құжаттарды цифрландыру, құжаттарды сақтаудың жаңа тетіктері, ашықтық саясаты және азаматтық қоғам үшін архивтердің маңызы сияқты мәселелер талқыланды.