Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстанда Орталық Азиядағы алғашқы Зерттеу және инновациялар орталығы құрылды
18:50 / 2025-10-27

Өзбекстанда Орталық Азия аймағындағы ең алғашқы ерте білім беру жөніндегі өңірлік Зерттеу және инновациялар орталығы ашылды. Бұл бастама Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі, UNICEF және «Fondazione Reggio Children» қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.

— Бұл орталықтың құрылуы әрбір баланың өмірінің алғашқы жылдарынан бастап сапалы білім алуына бағытталған реформалардың қисынды жалғасы, — деді Мектепке дейінгі білім беру жүйесін үйлестіру департаментінің директоры Лола Бердиева. — Ынтымақтастық педагогтардың кәсіби дамуын жүйелі түрде жетілдіруге, ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге және тәжірибелерге, соның ішінде инклюзия, ойын арқылы оқыту және әлеуметтік-эмоционалдық дамуды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл бастама өңірлік тәжірибе алмасу алаңына айналып, Өзбекстан мен басқа елдерде нақты нәтиже беретініне сенеміз.

Жаңа орталық педагогтардың кәсіби дамуы мен инновациялық әдістерге басымдық береді, білім саласындағы зерттеулерді дамытып, бала тұлғасына бағытталған жоғары сапалы білім беруді қолдайды. Сондай-ақ, баланың өмірінің алғашқы кезеңінен бастап сыни ойлау, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық қабілеттерін нығайтуға ықпал етеді.

— UNICEF, «Fondazione Reggio Children» және Өзбекстан үкіметі арасындағы серіктестік арқылы біз мектепке дейінгі білім сапасын арттырып қана қоймай, инклюзивті және сапалы білім берудегі Өзбекстан тәжірибесін бүкіл аймаққа тарату мүмкіндігін көріп отырмыз, — деді UNICEF-тің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Рехина Мария Кастижио.

Ұйымның мәліметінше, өңірлік орталық сапаға негізделген тәсілді енгізу арқылы ерте білім берудің жаһандық стандарттарын қолдануға мүдделі Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатады.

— «Fondazione Reggio Children» қоры орталығының құрылуы балаларға сапалы білім беруді дамыту және Өзбекстанның білім жүйесінің талаптарына сай жаңа мүмкіндіктер ашу жолындағы маңызды қадам. Бізге осы мүмкіндікті ұсынған UNICEF-ке зор ризашылық білдіреміз және алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл бастама Өзбекстан мен бүкіл аймақ үшін сапалы білім жолындағы үлкен жетістік боларына сенімдіміз, - дейді қор директоры Кристиан Фабби.

Өзбекстанды бүкіл әлемдегі инновациялық орталықтармен байланыс орнату арқылы бұл жоба 174 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру қызметкерлеріне әсер ететін халықаралық зерттеулерді ілгерілетіп, білім беру саласының дамуына серпін береді.