Өзбекстанда Үндістанның тағы үш жоғарғы оқу орны «Global», «LNCT» және «Integral» университеттерінің филиалы ашылатын болады.
ӨР Премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Джамшид Ходжаев бастаған делегацияның Үндістанға сапары барысында Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Өзбекстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы өтті.
Дели қаласында өткен сәтті кездесуде, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды.

Екі ел тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу бойынша бірлескен жұмыстарды жандандыру аясында Преференциялық сауда келісімі жобасын іске қосуды жеделдетуге келісілді. Бұл ретте өндірістік кооперация мен инвестициялық кооперацияны кеңейту тетігі қарастырылды.
Айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта Өзбекстанда үнділік әріптестермен бірге білім беру, ІТ-технологиялар, денсаулық сақтау және фармацевтика, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі және басқа да салаларда жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 85 бірлескен жоба жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» бастамасы аясында тікелей және транзиттік жүк тасымалдау көлемін арттыру, логистикалық инфрақұрылымды, мультимодальдық көлік дәліздерінің өңірлік желісін дамытудың практикалық тетігін әзірлеу мақсатында Үндістан-Орталық Азия көлік министрлерінің кездесуін өткізу туралы шешім қабылданды.

Кездесу барысында Өзбекстан мен Үндістан арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды. Қазіргі уақытта осы құжат аясында бірқатар практикалық іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Өзбекстанда йога фестивалі мен үнді киносының күндері өтті. Амити, Шарда, Самбрам университеттерінің филиалдары жұмыс істей бастады. Тағы үш ЖОО филиалы ашылғалы тұр. Бұлар «Global», «LNCT» және «Integral» университеттері.
Осы жиында келісілгендей, қысқа мерзімде жаңа бірлескен жалпы білім кәсіптік және жоғары оқу орындарын ашу, ғылыми-зерттеу және технология саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ инновациялық даму және стартаптарды коммерцияландыру ретінде «Жол картасы» әзірленіп, қабылданатын болады.
Кездесу соңында Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Өзбекстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысының хаттамасына қол қойылды. Қабылданған шешімдер мен қол жеткізілген нәтижелер құжатта көрініс тапты.