Өзбекстанда коронавирусқа қарсы вакцина түрі алтауға жетпек
Өзбекстанға «Синовак» вакцинасы әкелінеді. Бұл коронавирусқа қарсы елдегі алтыншы вакцина түрі болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қытайдың «Синовак» вакцинасы Өзбекстан мен Түркия үкіметтері арасындағы медициналық көмек гранты туралы қол қойылған келісімге орай әкелінеді.
Келісімге сәйкес, Түркия Өзбекстанға достық пен ізгі ниеттің белгісі ретінде Қытайда жасалған 200 мың доза «Синовак» вакцинасын және 20 мың қорап «Фавипиравир» препаратын жібермек.
Қазіргі кезде Өзбекстанда коронавирусқа қарсы 5 түрдегі препарат тіркеуден өтіп, елдегі вакцинация процесінде қолданылуда. Олар қатарында Спутник V, AstraZeneca, ZF-UZ-VAC2001, Moderna, Pfizer/BioNTech вакцинасы бар.
Бүгінгі күнге дейін республикада барлығы 22 433 729 доза екпе қолданылған болып, 5,1 миллионнан астам азамат толық вакцина қабылдаған.