Өзбекстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші күн сайын артып келеді
Өзбекстанда коронавируспен байланысты эпиджағдай күн өткен сайын нашарлап жұқтыру көрсеткіші артып келеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, өткен тәулікте Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 194-ке көбейіп, 82 340-қа жетті. Бұл жыл басынан бергі күндік рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, соңғы айларда алғаш рет Ташкенттегі науқастану саны 150-ден асты (152 кісі).
27 наурыз күнгі жағдай бойынша, 163 азамат сауығып шыққан және бір науқас қайтыс болған.
Соңғы мәлімет бойынша елдегі коронавирус ауруынан сауыққандар 80 523 кісіні құраса, өлім саны 626-ға жетті.
Қазіргі уақытта республикада 1191 науқас ауруханада дәрігерлер бақылауында қалуда. Олардың 191-нің жағдайы ауыр, ал 85 науқастың хәлі өте ауыр екендігі хабарланған.