Өзбекстан Республикасында картоп өсіру көлемін ұлғайту және тұқым шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту мақсатында Президенттің арнайы қаулысы қабылданды. Бұл құжат аграрлық сектордың маңызды саласына жаңа серпін беріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Қаулыға сай, 2028 жылдан бастап өнгіштігі 85 пайыздан төмен емес кемінде 10 миллион дана мини-түйнек жеткізу көзделген. Ал 2030 жылға қарай республикадағы картоптың орташа өнімділігі 16–17 тоннадан 25–30 тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Бұл – ауыл шаруашылығындағы орасан ілгерілеудің стратегиялық мақсаты ретінде белгіленген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 1 желтоқсанға дейін алдағы жылы өсірілетін картоптың in-vitro өсімдіктері, микро және мини-түйнектерінің қажетті көлеміне байланысты ғылыми мекемелер мен кәсіпкерлерге нақты тапсырыстар беріп отырады.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау қоры есебінен коммерциялық банктер арқылы картоп өсіруге жұмсалатын шығындарды қаржыландыру үшін өнім құнының 50 пайызына дейін, жылдық 12 пайыздық мөлшерлемемен, 6 ай жеңілдік мерзімімен, 12 айға дейінгі несиелер беріледі (бұл ретте сақтандыру полисінің болуы міндетті шарт).
Мемлекет тек қаржылай қолдаумен ғана шектелмейді. Ауыл еңбеккерлерін жаңартылған энергия көздеріне көшуге ынталандыру мақсатында 2026 жылдан бастап, күн панельдерін орнатуға жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейінгі бөлігін (бірақ 50 миллион сумнан аспайтын сома) бюджет есебінен өтеу қарастырылған.
Бұл бастама – ауыл шаруашылығын заманауи, экологиялық әрі өнімді ету жолындағы нақты қадам. Картоп шаруашылығы енді тек елдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуеттің артуына да жол ашады.