Өзбекстанда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және заманауи көлік құралдарын сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа реформалар кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Енді осы жағдайды тағыда жетілдіру мақсатында Президенттің «Өзбекстан – 2030» стратегиясы және биылға белгіленген басым міндеттердің орындалуы аясында ипотека және автонесие жүйесін жетілдіруге бағытталған Жарлық жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Аталған құжат халық үшін ипотека несиелерінің мөлшерін арттыру, электромобильдер сатып алуды ынталандыру және кредиттік жүктемені азайтуға арналған нақты тетіктерді қамтиды.
Жарлық жобасы 2026 жылы ипотека және автонесие жүйесін жетілдіруге, соның ішінде электромобильдер мен тұрғын үй сатып алуды одан әрі ынталандыруға бағытталған кең ауқымды шараларды көздейді. Бұл жоба ел экономикасының дамуына және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Президент бастамасымен ипотека несиелердің көлемі едәуір ұлғайтылмақ. Атап айтқанда, Ташкент қаласында бір пәтерге берілетін ипотека несие мөлшері 480 миллион сумға дейін, ал өңірлерде 380 миллион сумға дейін өседі.
2026 жылы жалпы көлемі 23 триллион сум болатын ипотека несиелерін беру жоспарланып отыр. Бұл қаржыландыру мемлекеттік бюджет, коммерциялық банктер және арнайы қаржыландыру компаниялары есебінен жүзеге асырылады.
Ипотека несиелеріне қатысты субсидиялар да арттырылады. Пайыздық төлемдердің бір бөлігі мен бастапқы жарнаның белгілі бір үлесі мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл азаматтар үшін тұрғын үй сатып алуды анағұрлым қолжетімді етеді.
Жоба аясында экологиялық таза көлікті ынталандыру мақсатында жаңартылған тетіктер енгізіледі. Электромобиль сатып алу үшін 12 пайыздық және 16 пайыздық несиелер ұсынылады. Атап айтқанда, отандық электромобильдерге – 12 пайыз, импортталған электромобильдерге – 16 пайыз мөлшерлеме белгіленеді.
Аталған несиелер бойынша банктер белгілеген пайыздың жоғары бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады, яғни азаматтардың қарызды өтеу жүктемесі жеңілдетіледі.
Сонымен қатар, электромобильдерді қуаттау станцияларын салу үшін кәсіпкерлерге 10 пайыздық мөлшерде несие беріледі. Бұл станцияларды салу, энергетика жүйесіне қосу және қызмет көрсету үшін қосымша субсидиялар мен жеңілдіктер қарастырылған.
Бұдан бөлек, электромобильдер нарығын дамыту стратегиясы аясында елде жоғары экологиялық стандарттарға негізделген инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр.