Өзбекстанда электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) арқылы жүзеге асырылатын операциялар бойынша салықтық бақылаудың жаңа тетігі енгізілуде.
Атап айтқанда, Министрлер Кабинетінің 2025 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған 830-шы қаулысымен «Электрондық шот-фактуралардың тәуекел деңгейін айқындау және оларда көрсетілген операциялар бойынша қосылған құн салығын төлеу тәртібі туралы» ереже бекітілді.
Аталған ереже электрондық шот-фактураларды тауарлар (қызметтер) жеткізудің бірыңғай тізбегі аясында талдау, олардың тәуекел деңгейін бағалау және тиісті санаттарға бөлу тәртібін белгілейді.
Сондай-ақ ЭШФ-тердің тәуекел деңгейіне қарай қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеу және есепке алу ерекшеліктері нақты айқындалды.
Ережеге сәйкес, электрондық шот-фактураларды бағалау арнайы ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Осы жүйе арқылы жоғары тәуекел деңгейіне ие деп танылған ЭШФ-тердің үлесі есепті кезеңде ҚҚС төлеуші рәсімдеген барлық ЭШФ санының 10 пайызынан аспауға тиіс.
ЭШФ-тердің тәуекел деңгейін айқындау өлшемшарттарын Өзбекстан Республикасының Салық комитеті белгілейді. Аталған өлшемшарттар негізінде электрондық шот-фактуралар екі санатқа бөлінеді:
– тәуекел деңгейі төмен ЭШФ-тер;
– тәуекел деңгейі жоғары ЭШФ-тер.
Ақпараттық жүйеде әрбір өлшемшарт бойынша берілген балдардың жиынтығы негізінде ЭШФ-тердің жалпы тәуекел деңгейі есептеліп, соған сәйкес жіктеледі. Ал Салық комитеті тәуекел деңгейін ескере отырып, электрондық шот-фактуралардың орталықтандырылған электрондық тізілімін жүргізеді.
Бұл тәртіп салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, ҚҚС бойынша тәуекелі жоғары операцияларды ерте кезеңде анықтауға және саланың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ол бизнес субъектілері үшін де нақты әрі жүйелі ережелерді белгілейді.