Өзбекстанда немесе шет мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген азаматтарға көзқарас түбегейлі өзгеріп, еңбек мигранттарымен тұрақты байланыс орнатылды. Олардың мәселелері мен қажеттіліктерін зерттеп, шешу үшін жаңа жүйе енгізілді.
Сыртқы еңбек нарығына шығуды жеңілдету және отанына оралған мигранттарға қолдау көрсету шаралары әзірленді. Кәсіби біліктілігі жоқ әрі шет тілін білмейтін азаматтарды кәсіпке баулу және арнайы білім беру мекемелерінде мақсатты даярлықтан өткізу ісі жолға қойылды.
22 сәуірде қабылданған Үкіметтің «Өзбекстан Республикасы азаматтарын шет елдерде ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» қаулысында бірқатар жаңа міндеттер белгіленді.
Аталған құжатқа сәйкес, «Шетелге жұмысқа даярлау орталығы» құрылады. Бұл орталықта «бір терезе» қағидаты негізінде еңбек миграциясына қатысты қызметтер көрсетіледі. Алдағы уақытта халықаралық бағыттарда уақытша еңбек қызметін атқару үшін баратын және елге қайтатын азаматтарға ыңғайлы, арзан және жүйелі көлік қатынасын ұйымдастыру мақсатында жолаушы автобустарының саны көбейтіледі.
Сонымен қатар, «Шетелде еңбек қызметін атқару үшін баратын және еңбек етіп жүрген азаматтарға субсидия, өтемақы және кредиттер беру тәртібі туралы» Ереже бекітілді. Бұл ереже бойынша, «Xorijda ish» («Шетелде жұмыс») электронды еңбек миграциясы платформасында тіркеліп, ұйымдасқан түрде шетелге жұмысқа кететін азаматтарға төмендегі шығындарын өтеу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі:
- Шет тілдері мен (немесе) кәсіптік біліктілік емтихандарын табысты тапсырғаннан кейін тиісті сертификат алса – айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 есесіне дейін;
- Шет елде еңбек қызметін атқаруға арналған «жұмыс визасын» рәсімдеуге – АЕК-тің 5 есесіне дейін;
- Жол жүру билетін сатып алуға байланысты шығындарды өтеу үшін – АЕК-тің 2 есесіне дейін.
Неміс, ағылшын, жапон және корей тілдері бойынша кемінде B1 немесе соған тең халықаралық сертификат алған түлектері ең көп болған 50 мұғалімге – 50 миллион сум мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
Дамыған елдерге ұйымдасқан түрде уақытша еңбек қызметін атқаруға баратын азаматтарға коммерциялық банктер арқылы 10 миллион сумға дейін, Өзбекстан Республикасы Орталық банкінің негізгі мөлшерлемесінен 4 пайыздық тармаққа жоғары мөлшерлемемен 2 жылға дейін микрокредиттер беріледі.