Өзбекстанда ең төменгі тұтыну шығынының мөлшері жаңартылды
Өзбекстанда ең төменгі тұтыну шығындарының мөлшері бір адамға айына 568 000 сум болып белгіленді.
Статистика агенттігінің хабарлауынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға жоғары.
Өзбекстанда 2021 жылы ең төменгі тұтынушылық шығын көлемі 440 мың сум болса, 2022 жылдың қаңтарынан бастап 498 мың сум болып белгіленген еді.
Дүниежүзілік тәжірибеде кедейлік шегі ретінде ең төменгі тұтыну шығындарын пайдалану жиі кездеседі және бұл көрсеткіш келесі мақсаттарда қолданылады:
- мемлекеттің материалдық және өзге де әлеуметтік көмегіне мұқтаж халықтың нысаналы тобын анықтауға;
- елдің кедейлік шегін анықтауда және мақсатты топтағы халықтың нақты тұтыну ерекшеліктері мен талаптарын ескере отырып пайдалану;
- кедейлікпен күрес жөніндегі стратегиялар мен бағдарламаларда белгіленген міндеттер мен шаралардың тиімділігі және мақсаттылығын арттыру, сондай-ақ олардың тұрақты мониторингін жүргізу;
- зейнетақы мен жәрдемақылардың ең төменгі мөлшерін, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін басқа да қаржылық қолдау түрлерін анықтау критерийі ретінде.