26 маусым күні «Узатом» агенттігі мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инженерлік департаменті басшыларының кездесуі өтті.
«Узатом» агенттігінің хабарлауынша, қуаттылығы аз атом электр станциясы алаңында алғашқы құрылыс штабы құрылған.
«Құрылатын 6 блоктық АЭС-тің инфрақұрылымдық нысандарын құру күзге жоспарланған. Тараптар белгіленген уақытта штаб алаңында құрылыс жұмыстарын бастау, барлық инфрақұрылымы бар құрылысшылар қалашығын құру мәселелерін талқылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, «Узатом» агенттігі басшысының қатысуымен АЭС құрылысы туралы келісім-шарттың күшіне енуі туралы хаттамаға қол қойылған. Хаттамаға «Узатом» агенттігінің АЭС құрылысы дирекциясының директоры Отабек Омонов пен «Атомстроэкспорт» АҚ Орталық Азиядағы АЭС құрылысы жобасының директоры Павел Безруков қол қойған.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 27 мамырында «Узатом» агенттігінің АЭС құрылыс дирекциясы мен «Атомстроэкспорт» АҚ Өзбекстанда АЭС салу туралы келісімшарттың күшіне енуі туралы мәлімдемеге қол қойған болатын.