Өзбекстанда банкноттарды жібек талшығымен қорғалған қағаздан шығаруға жоспарланған.
Орталық банк хабарламасында, «Мемлекеттік белгі» кәсіпорны, «Узбекипаксаноат» бірлестігі және Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институты мамандары жүргізген жібек талшығы қосылған қорғалған қағазды дайындау жөніндегі зерттеулерге Әділет министрлігі патент берілгені айтылған.
Хабарламада айтылуынша, банкноттар, бағалы қағаздар мен басқа да құжаттар үшін қорғаныш қасиеті жоғары табиғи жібек талшықтары қосылған қағаз жасау технологиясы әлемде алғаш рет Өзбекстанда әзірленді.

«Осы өнертабыстың арқасында қорғаныш элементтерінің құрамына қосылған табиғи жібек талшықтары бар бағалы қағазды қағаздың басқа түрлерінен ажыратуға болады», делінген хабарламада.
Қағаз жасау процесінде табиғи жібек талшықтары қағаз массасына қосылады, содан кейін оған флуоресцентті ерітінді сіңдіріледі. Ультракүлгін сәуленің әсерінен жібек ақуызы тоқ түске боялады, осылайша қағазды жалған жасаудан қорғайды. Қағаз құрамына бірдей қалыңдықтағы табиғи жібекті қосу нәтижесінде оның беріктігі бірнеше есе артады.