Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің жұбайы Зироат Мирзиёева мен Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичтің жұбайы Тамара Вучич Ташкент облысының Қыбрай ауданындағы оңалту орталығы бар «Имкон» көпсалалы мамандандырылған мектепке дейінгі білім беру мекемесіне барды.
Қонақтарды орталық мамандары қарсы алып, ерекше күтімді қажет ететін балалардың жан-жақты дамуы үшін жасалған жағдайлар туралы айтып берді. «Имкон» орталығының құрамында балабақша, логопедиялық және психологиялық көмек көрсету бөлімдері, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік оңалту қызметтері бар.
Танысу барысында Зироат Мирзиёева мен Тамара Вучич балалармен, тәрбиешілермен және ата-аналармен сөйлесіп, мұндай мекемелердің инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Өзбекстанның Бірінші ханымы инклюзивті білім беру жүйесін дамыту балалардың құқықтарын қорғаудың маңызды бағыты екенін айтты. Өз кезегінде Сербия Президентінің жұбайы Өзбекстанда ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетіліп жатқан қамқорлық пен назарға ризашылығын білдіріп, орталықтың қызметін жоғары бағалады.
ӨзА