Өзбекстан жүктерді Ақтау теңіз порты арқылы тасымалдайтын болады
Қазақстандағы Ақтау теңіз портының басшылығы Өзбекстандың компаниялардың жүктерін тасымалдау үшін өтінім қабылдауға дайын.
«Dunyo» агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстанның Ақтаудағы Бас консулы мен «Ақтау теңіз сауда порты» басшылығының кездесуінде осындай келісімге келген.
Кездесуде порт арқылы Өзбекстан өнімдерін алыс-жақын шетелдерге экспорттау мәселелері талқыланғаны айтылған.
Ақтау теңіз порты арқылы Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түркіменстанға тікелей шығу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ порт арқылы теңізден өткеннен кейін басқа елдердің аумағы арқылы Түркия мен Таяу Шығысқа шығуға болады.