«Жаңа Өзбекстан» саябағында алғаш рет инженерия және робототехника бағытында тарихи оқиға орын алды. Өзбекстан жастары дүниежүзілік рекорд орнатып, ел атауы Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Бұл тек Өзбекстан ғана емес, тұтас Орталық Азия елдері арасында инженерия саласындағы алғашқы ірі рекорд болып саналады. Бұған дейін Өзбекстанда бұл бағытта ешқандай Гиннес рекорды тіркелмеген еді.

Шара аясында 2 мың жас инженер бір уақытта 25 минутта 1 946 дана мини-робот құрастырып, оларды қозғалысқа келтірді. Бұл миссия елдің ғылым мен инженерия саласындағы әлеуетін паш етіп қана қоймай, жастардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін де оятты.
Айта кету керек, Гиннестің рекордтар кітабында робототехника саласы бойынша 351 түрлі рекорд тіркелген. 2023 жылы Үндістанда 1 459 жас бір мезетте мини-робот жасап, қозғалтқан болатын. Өзбекстан жастары осы жолы бұл көрсеткішті басып озып, әлемдегі ең ауқымды инженерлік миссияға қол жеткізді.

Бұл миссия жастарға Гиннес рекордын жаңарту мүмкіндігін беріп қана қоймай, тәжірибе, практикалық білім және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға сеп болды. Осындай ірі жобаға қатысқан әрбір жас өз қабілетіне сенім артып, инновациялық ойлау қабілетін дамытты және жаһандық аренада бәсекелесе алатын маман ретінде қалыптасуға қадам жасады. Бұл олардың ғылым мен инженерияға деген қызығушылығын арттырып, елімізде жаңа буын инженерлерін тәрбиелеуге берік негіз болады.
Ауқымды шарада 2 мың жас өз қатысуы арқылы бүкіл республика жастарының бірлігін көрсетті. Мәселен, миссия басталар алдында барлық қатысушы бір мезетте мемлекеттік әнұранды жанды дауыста орындады. Бұл сәт жастардың жүрегінде ұлттық мақтаныш пен елге адалдық сезімдерін одан әрі күшейтті.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында орнаған рекорд жас инженерлер тарапынан елімізге арнаған ерекше тартуы ретінде қабылданды. Осы ұлы мереке қарсаңында тіркелген бұл жетістік халқымыз үшін символдық мәнге ие болып, жас ұрпақтың ел дамуына қосқан лайықты үлесі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.
Шара Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірлердегі, Ташкент қаласындағы жоғары оқу орындарының, Президенттің білім беру мекемелері агенттігіне қарасты ұйымдардың студенттері мен мүмкіндігі шектеулі жастар да белсенді қатысты.
Мұндай маңызды оқиғаның ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жастар да өз дарыны мен әлеуетін паш етіп, шын мәнінде еш шектеудің жоқ екенін дәлелдеді.

Шарада Гиннестің дүниежүзілік рекордтар ұйымының төрешісі Карл Савилл жеке өзі қатысып, робот жасау үдерісін мұқият қадағалап, нәтижені ресми түрде жариялады.
25 минут ішінде жастар жасаған роботтар арнайы тәртіппен тексеріліп, бас төреші тарапынан ресми түрде бекітілді. Осыдан кейін, рекорд орнағаны жөніндегі сертификат салтанатты түрде Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Қоңыратбай Шариповқа табыс етілді. Осылайша, Өзбекстан тарихында алғаш рет инженерия саласында Гиннес рекорды тіркелді.