Өзбекстан жаһандық сауданы жеңілдету бағдарламасына мүше болды
Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінде Швейцарияның Өзбекстандағы елшісі Оливре Шоумен кездесу өтіп, онда Өзбекстан тарихында алғаш рет Жаһандық сауданы жеңілдету бағдарламасына мүше болу туралы ресми құжаттарға қол қойылды.
Комитеттің хабарлауынша, бағдарлама Дүниежүзілік кеден ұйымы тарапынан дамушы елдердің сыртқы сауда саласындағы қызметін халықаралық сауда стандарттарына сәйкестендіру ен экспорт, импорт және сауда саласындағы тәжірибесін арттыруға бағытталған. Бағдарламаны Швейцария Конфедерациясы қаржыландырады.

Бұған дейін Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Кунио Микурия 2019 жылдың наурыз және қараша айларында Өзбекстанға жасаған сапары кезінде жаһандық сауданы жеңілдету бағдарламасына қосылуды ұсынған болатын.
Ал, 2020 жылы Өзбекстан сыртқы сауда саласындағы халықаралық танылған құжаттарға - сауда процедураларын жеңілдету туралы Киото конвенциясына және уақытша әкелу туралы Стамбул конвенциясына қосылды.